
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросында аналитикалық және зерттеу қызметінде үлкен деректерді өңдеу мен қолдануға арналған семинар өтті.
Іс-шараға еліміздің жеті жетекші аналитика орталығының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институты, Қоғамдық даму институты, «Аманат» партиясының Қоғамдық саясат институты және басқа ғылыми ұйымдар бар.
Бюро мен Ақпараттық-есептеу орталығының сарапшылары статистиканың негізгі бағыттарын қамтитын бірқатар практикалық зерттеулер мен кейстерді ұсынды. Олардың ішінде жаңа дереккөздерді пайдалана отырып баға индекстерін қалыптастыру, еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістерді микродеректер мен зейнетақы аударымдарының негізінде талдау, халық табысын «Цифрлық отбасы картасы» арқылы бағалау, сондай-ақ туристік ағындарды бақылауда мобильді деректерді қолдану жобалары бар.
Іс-шараны ашқан Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев үлкен деректермен жұмыс істеу тек техникалық үрдіс емес, мемлекеттік талдаудың болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт екенін атап өтті:
«Ақпарат көлемі күн сайын артып отырған қазіргі жағдайда үлкен деректерді мемлекеттік статистика мен талдауда пайдалану айрықша маңызды. Бұл бағыт саясаттың тиімділігін бағалау, терең талдау мен болжам жасау үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз болашақ статистикасы – цифрлық, икемді әрі проактивті жүйе екенін түсінеміз. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бюроны заманауи цифрлық ведомствоға айналдыру жұмысы жүргізілуде. Біз дәстүрлі статистика мен заманауи технологиялар тоғысқан экожүйе құрып жатырмыз», – деді ол.
Семинар аясында Бюроның ресми интернет-ресурсының мүмкіндіктері де таныстырылды. Онда деректерді интерактивті талдау мен визуализациялауға арналған заманауи құралдар қолжетімді, бұл зерттеушілер мен аналитиктердің ашық деректермен жұмыс істеу мүмкіндігін айтарлықтай күшейтеді.
Семинар барысында қатысушылар зерттеуші кабинеті арқылы деректер қолжетімділігі, баламалы деректер негізінде көрсеткіштерді қалыптастыру ерекшеліктері және дайын аналитикалық материалдарды жүктеу мүмкіндіктері сияқты мәселелерге ерекше қызығушылық танытты.