2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте құрылыс жұмыстарының орындалуы және объектілерді пайдалануға беру туралы
2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 14,9% өсіп, 6441,3 млрд. теңгені құрады.
Республика бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінен жеке құрылыс ұйымдарымен 93,2%, шетелдік – 6,2%, мемлекеттік –0,6% орындалды.
2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте құрылыс жұмыстары көлемінің 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда ұлғаюы имараттар (19,7%), тұрғын емес ғимараттар (9,8%) мен тұрғын ғимараттар (7,2%) құрылысы жұмыстары және жөндеу жұмыстарына байланысты.
2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті автомобиль, теміржолдары мен метролар (23,9%), тұрғын емес ғимараттар (жалпы көлемге 21,8%) және тұрғын үйлердің (12,8%) құрылысы алады.
Аумақтық бөлінісінде республиканың он жеті өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Едәуір өсу Астана (41,8%) және Алматы қалаларында (37,7%), Солтүстік Қазақстан (27,3%), Ақмола (26,4%), Түркістан (25,5%), Қостанай (23,5%), Павлодар (23%) және Алматы облыстарында (21,1%) байқалады.
Қазақстан Республикасында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы алаңы 17521,9 мың шаршы метрді құрады.
Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 3,4% көбейді, 12851,4 мың шаршы метрді құрады, олардан 8072,2 мың шаршы метр - көп пәтерлі және 4666 мың шаршы метр - жеке үйлер. Тұрғын үйлердің едәуір бөлігін – 11812,1 мың шаршы метрді немесе 91,9%-ын жеке құрылыс салушылар, оның ішінде, 4875,5 мың шаршы метрді халық пайдалануға берген.
2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте білім беру және денсаулық сақтау саласында 166174 оқу орнына арналған 164 жалпы білім беретін мектеп, 5889 орынға арналған 39 мектепке дейінгі ұйымдар, 435 орынға арналған 2 аурухана және ауысымда 2984 келіп-кетушіге арналған 72 амбулаториялық-емханалық мекеме пайдалануға берілді.