Қырғыз Республикасының Ұлттық статистика комитетінің делегациясы елімізде 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтіп жатқан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыру бойынша Қазақстанның тәжірибесін зерттеу мақсатында Жамбыл облысына келді.
Үш күндік сапар аясында қырғыз тарапының өкілдері өңірдің ауыл шаруашылығы және статистика бөлімдерінің басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізеді. Басқосулар барысында санақ ұйымдастыру мен әдістемелік тәсілдерге қатысты өзекті мәселелер талқыланып, статистикалық зерттеулер саласындағы тәжірибе мен озық практикалар алмасу жоспарланған.
Еске салсақ, Қазақстанда 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 20 қазанға дейін жалғасады. Санаққа ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін барлық субъектілер – заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ егіншілік, мал шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен айналысатын үй шаруашылықтары міндетті түрде қатысуы тиіс.
Жиналған деректер мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау шараларын тиімді жоспарлауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықаралық міндеттемелерді орындауға негіз болады.