Биыл деректерді талдау бойынша өтетін «Qazdatathon» байқауына қатысуға ниет білдіргендер саны алдыңғы жылдарға қарағанда асып түсті. Еліміздің барлық өңірінен 42 команда қатысып жатыр. Олардың қатарында студенттер, жас сарапшылар, зерттеушілер мен IT мамандар бар.
Қатысушылар жобаларын қорғауға дейін түрлі оқудан өтіп, тәжірибелерге қатысады. Олар үшін шеберлік сабақтары, тақырыптық интенсивтер, салалық сарапшылар өткізетін воркшоптар, менторлық кездесулер мен деректермен жұмыс істеудің практикалық кезеңдері қарастырылған.
Командаларға 2020-2024 жылдар аралығындағы синтетикалық деректер жиынтығы және 2021 жылғы Ұлттық халық санағының мәліметтері берілген. Байқау тақырыптары өмір сүру сапасына қанағаттану деңгейі, уақытты пайдалану құрылымы, еңбек нарығының көрсеткіштері, азық-түлік тұтыну, әлеуметтік-демографиялық сипаттар мен тұрғын үй жағдайлары, сондай-ақ үй шаруашылықтарының табысы мен шығыстары сияқты әлеуметтік-экономикалық салаларды қамтиды.
Финалға дейін екі аралық воркшоп өткізу жоспарланған. Біріншісінде қатысушылар деректерді сипаттамалық талдау тәсілдерін үйренеді, ал екіншісінде өз гипотезаларын қалыптастырып, алғашқы шешімдерін ұсынады. Қорытынды жұмыс 31 қазанға дейін қабылданады, ал байқау финалы 2025 жылғы 5 қарашада өтеді.
Байқау Kazakhstan Sociology Lab әлеуметтанушылар мектебімен бірлесіп ұйымдастырылған.
Qazdatathon 2025 жеңімпаздарына 1 млн теңге көлеміндегі жүлде қоры және 2026 жылғы әлеуметтанушылар мектебінде оқу гранты беріледі.