Ауыл шаруашылығы санағында деректердің құпиялығы басты басымдық болып қала береді

Ауыл шаруашылығы санағында деректердің құпиялығы басты басымдық болып қала береді

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Ақтөбе облысында өтіп жатқан Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу барысымен танысты. Іссапар барысында ол Алға және Мартөк аудандарына барып, ауылдарды аралап, интервьюерлермен бірге бірқатар үй шаруашылықтарын санақтан өткізді. 

Бюро басшысы сауалнама қалай жүргізіліп жатқанын және тұрғындардың санаққа қатысу барысын өз көзімен көрді. 

«Әрбір респонденттің берген ақпараты қатаң құпия сақталатынын түсіндіру өте маңызды. Бұл деректер тек жинақталған түрде, нақты шаруашылықтар мен азаматтардың аты-жөнін көрсетпей қолданылады. Біз шынайы жауап алуға мүдделіміз, себебі статистиканың сапасы мен ауыл шаруашылығының болашақ дамуы осы деректерге тікелей байланысты», – деді Бюро басшысы. 

Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық өңірінде үй-үйді аралау жалғасуда. Ақтөбе облысында интервьюерлер үй шаруашылықтарының (жеке қосалқы шаруашылықтардың) 94,5% қамтыды. Бір үй шаруашылығын сауалнамадан өткізуге 20 минутқа дейін уақыт жұмсалады. Жалпы, өңірде ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге 100-ден астам интервьюер тартылған. 

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы санағы кезеңінде бақылау мақсатындағы қайта аралау жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жұмыстарды санақ учаскелерінің нұсқаушы мамандары атқарып, респонденттерді қайта сұхбаттан өткізіп, алынған жауаптарды бастапқы деректермен салыстырады. Бұл ақпараттың нақтылығы мен шынайылығын тексеруге мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, өңірлерге Ұлттық статистика бюросының жұмыс тобының мүшелері іссапармен барып, санақ процесінің ұйымдастырылуын бақылауда. Олар интервьюерлердің жұмыс сапасын, сауалнама парақтарының дұрыс толтырылуын, сондай-ақ аралау кестесінің және әдістемелік талаптардың сақталуын тексереді.