2025 жылғы қыркүйектегі тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен мәмілелер саны

2025 жылғы қыркүйектегі тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі мен мәмілелер саны

2025 жылғы қыркүйек айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 313 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 661 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 32 652 мәміле жасалды. 2025 жылғы тамызбен салыстырғанда (41 380) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,2%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (8 859 – 21,4%) және Астана (8 644 – 20,9%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 029 – 7,3%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 306 мәміле (0,7%).

 2025 жылдың тамызымен салыстырғанда қыркүйекте мәмілелер санының ең көп өсімі Қызылорда (+20,2%), Атырау (+12,6%) және Түркістан (+9,9%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Шымкент (-10,9%) және Астана (-8,6%) қалаларында және Жетісу (-5,8%) облысында орын алды.

 2025 жылғы қыркүйекте тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 4,5%-ға өсті, ол кезде 39 543 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Астана қаласында (30,1%) байқалады, ең үлкен төмендеу – Батыс Қазақстан облысында (-31,9%). 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3,2%-ға өсім байқалады.

Бір жылда (2025 жылғы қыркүйек 2024 жылғы қыркүйекке) жаңа тұрғын үйлерді сату – 12,8%, қайталама нарықта пәтерлерді қайта сату бағалары 10,3% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 9,9% жоғарылады.

Өңірлер кесіндісінде тұрғын үйдің алғашқы нарықтағы жылдық мәнінде баға Павлодар қаласында – 26,4%, Қызылорда қаласында – 15,3%, Шымкент қаласында 15,2% едәуір қымбаттады. Қайталама нарықта баға өсімінің лидерлері – Ақтөбе қаласы (18,9%), Павлодар қаласы (18,8%), Алматы қаласы (17,9%), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Ақтөбе қаласы (40,7%), Көкшетау қаласы (18,7%), Астана қаласы (18,1%).

Бір айдың ішінде (2025 жылғы қыркүйек 2025 жылғы тамызға)  жаңа тұрғын үйді сату – 2,1%, пәтерлерді қайта сату 1,5% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 2,8% қымбаттады.

ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және алдын ала таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.