Алматыда өнеркәсіп өндірісінің индекстері бойынша өңірлік семинар өтіп жатыр

Алматыда өнеркәсіп өндірісінің индекстері бойынша өңірлік семинар өтіп жатыр

Бұл күндері Алматыда өнеркәсіптік өндіріс индекстеріне арналған өңірлік семинар өтіп жатыр. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіпті дамыту ұйымы (ЮНИДО) мен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы «Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның жекелеген елдерінде өнеркәсіп статистикасын жетілдіру және саясатқа бағытталған талдау үшін өнеркәсіптік даму индикаторларын әзірлеу – II кезең» өңірлік жобасы аясында ұйымдастыруда.

Семинар жұмысына Армения, Әзербайжан, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның ұлттық статистикалық органдарының өкілдері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия мен ЮНИДО сарапшылары қатысуда.

Семинар бағдарламасы кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Жиында өнеркәсіп өндірісі индекстерін есептеу әдістемесі және Ласпейрес, Пааше, Фишер мен Торнквист сияқты әртүрлі формулаларды қолдану мәселелері қаралады. Сондай-ақ индексті есептеу кезінде дефляторлау әдісін пайдалану қарастырылады. Қатысушылар бағаның өзгерісін өнім сапасына жасалатын түзетулерді ескере отырып өлшеу тәсілдерін меңгеріп, индекстерді есептеу және олардың қасиеттерін тестілеу бойынша тәжірибелік сабақтарға қатысады. Бұдан бөлек, семинар бағдарламасына өнеркәсіп өндірісінің айлық индекстерін жылдық деңгеймен салыстыру мәселесі де енгізілген.

Семинар дәрістер, пікірталастар мен тәжірибелік жаттығулар форматында өтіп жатыр. Қатысушылар ұлттық тәжірибені таныстырып, туындайтын әдіснамалық сұрақтарды талқылайды және өңірдегі статистикалық тәсілдерді үйлестіру жолдарын іздейді.

Іс-шараның мақсаты – ұлттық статистикалық қызметтердің әлеуетін арттыру, тәжірибе алмасу және өнеркәсіп статистикасының сапасын халықаралық ұсынымдарға сәйкес көтеру.