Ұлттық статистика бюросында ауыл шаруашылығы саласындағы статистикалық деректердің шынайылығын арттыруға бағытталған іс-шараларды үйлестіретін ведомствоаралық жұмыс тобының үшінші отырысы өтті.
Отырыс барысында Жол картасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ақпараттық жүйелерін «е-Статистика» ақпараттық жүйесімен біріктіру, ауыл шаруашылығы санағын өткізу, өсімдік және мал шаруашылығында өнімді қадағалау жүйелерін енгізу, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Отырыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдері ерекше назарға алынды. Қатысушылар анықталған заңбұзушылық фактілерін талқылап, жүйедегі осал тұстарды жою бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Бірқатар шаралар орындалғаны атап өтілді, дегенмен цифрландыру үдерісін жеделдету және статистикалық деректер сапасын арттыру қажеттілігі өзекті болып отыр. Жол картасының орындалуы бойынша алғашқы есептер осы жылдың желтоқсан айында ұсынылады. Барлық іс-шаралар тізімін орындау 2026 жылдың наурызына жоспарланған.
Айта кетейік, бұл жұмыс Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 18-тармағы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жолдауда Президент мал және өсімдік шаруашылығындағы статистикалық деректердің шынайылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету кезінде құқықбұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған жүйелі шараларды әзірлеуді тапсырған болатын.