Сенатта инновациялық қызмет пен мемлекеттік статистикаға қатысты түзетулер қабылданды

Сенатта инновациялық қызмет пен мемлекеттік статистикаға қатысты түзетулер қабылданды

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының отырысында екінші оқылымда «Инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік статистика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Заң жобасының жаңашылдықтарының бірі – «Байланыс туралы» заңға енгізілген түзетулер. 15-3-бап «Байланыс операторларының мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуі» Бюроға абоненттер туралы дербестендірілмеген деректерді ұсыну жөніндегі операторлар мен байланыс желілерінің иелеріне міндет жүктейтін нормамен толықтырылды. Қабылданған нормаға сәйкес Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісім бойынша деректерді беру қағидалары әзірленіп, ұялы байланыс операторларының деректерін ресми статистика өндірісінде баламалы дереккөз ретінде тұрақты пайдалану көзделген.

Мұндай деректердің жиілігі мен жеделдігі халықтың қозғалысы туралы нақты уақытта егжей-тегжейлі көрініс жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, роуминг деректері шетелдік келушілердің санын, олардың ел ішіндегі қозғалыс бағыттарын және өңірлерде болу ұзақтығын дәлірек анықтауға жол ашады. Барлық ақпарат дербестендірілмеген түрде ұсынылып, қорғалған серверлерде сақталады. Бұл абоненттердің жеке басын сәйкестендіру мүмкіндігін болдырмайды және дербес деректерді қорғау талаптарына толық сәйкес келеді.

Сенатордың сұрағына жауап берген Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев бұл бағыт соңғы екі жыл бойы қазақстандық мобильді операторлармен тығыз ынтымақтастықта зерттеліп келе жатқанын атап өтті. «Баламалы дереккөздер қатарында мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің де деректері бар. Мәселен, шекара қызметінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанға 7,1 млн турист келген. Ал орналастыру орындарының көрсеткіштері небәрі 1,3 млн туристі қамтиды. Демек, 5 млн астам турист статистикадан тыс қалып отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұл саладағы неғұрлым дәл әрі сапалы деректерді мобильді операторлар қамтамасыз етеді», – деді ол.