2025 жылғы тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 527 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 32 853 мәміле жасалды. 2025 жылғы шілдемен салыстырғанда (39 742) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,1%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (9 457– 22,9%) және Алматы (8 402 – 20,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 923 – 7,1%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 283 мәміле (0,7%).
2025 жылғы шілдемен салыстырғанда тамызда мәмілелер санының ең көп өсімі Жетісу (+24,4%), Ұлытау (+14,6%) облыстарында және Батыс Қазақстан (+10,2%) облысында. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Қызылорда (-19%), Түркістан (-8,6%) және Жамбыл (-5,9%) облыстарында байқалды.
Бір айдың ішінде көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 5%-ға (1 576 мәмілеге) көбейген. 2025 жылдың тамыз айында пәтерлер бойынша барлығы 32 853 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 79,4%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (28,4%), Алматы (23,6%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,6%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың тамыз айында олар бойынша 12 734 мәміле ресімделген.
Тамызда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны шілдемен салыстырғанда 0,7%-ға (62 мәмілеге) өсті. Тамызда барлығы 8 527 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Ұлытау (+33,3%), Батыс Қазақстан (+14,6%), Жетісу (+14,3%), облыстарында байқалды. Ал бір айдағы төмендеу Астана қаласында (-10,7%) және Солтүстік Қазақстан (-9,9%), Ақмола (-8,6%) облыстарында орын алды.
2025 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 1,3%-ға өсті, ол кезде 40 832 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Алматы қаласында (16,0%) байқалады, ең үлкен төмендеу – Ұлытау облысында (-29,8%). 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3%-ға өсім байқалады.
Бір жылда (2025 жылғы тамыз 2024 жылғы тамызға) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 11,3%, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 8,8% жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 8,5% артты.
Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер жылдық мәнде Павлодар қаласында – 25,8%, Қызылорда, Алматы қалаларында – 15,3%-дан, Шымкент қаласында 14,8% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында бағаның ең жоғары өсімі Ақтөбе қаласы (20,2%), Павлодар қаласы (17,8%), Алматы қаласы (16,6%), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Ақтөбе қаласы (43,5%), Көкшетау қаласы (21%), Жезқазған қаласында (20,2%) тіркелген.
Бір айдың ішінде (2025 жылғы шілдеге қарағанда 2025 жылғы тамызда) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 1,9%, пәтерлерді қайта сату 1,2% өссе, тұрғын үйді жалға алу төлемі 1,7% қымбаттады.
ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және алдын ала таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.