Қазақстанның статистика саласының құрылғанына 105 жыл толуына орай «105 игі іс» бастамасы аясында Ұлттық статистика бюросында ерікті қан донорлығы акциясы өтті.
Бұл бастаманы орталық аппараттың 35-тен астам қызметкері қолдады. Акцияны өткізу үшін бюро кеңсесіне Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының арнайы медициналық бригадасы келді.
Акция барысында бюроның адами ресурстарын дамыту департаментінің директоры Арсен Жақыпов акцияның барлық қатысушыларына, медицина қызметкерлеріне алғысын білдіріп, донор қанының адам өмірін сақтап қалатын жағдайлардың көптігін атап өтті.
Қан донорлығы бойынша осындай акциялар бюроның аумақтық бөлімшелерінде де өтті, оған Алматы мен Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары бойынша департаменттердің қызметкерлері қатысты.
Осындай акциялардың арқасында ерікті донорлық дәстүрі қайта жаңғырып келеді. Бұл өз кезегінде қан қорының артуына ықпал етіп, талай адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.