Бюро басшысы Ақмола және Қарағанды облыстарындағы ауыл шаруашылығы санағының барысымен танысты

Бюро басшысы Ақмола және Қарағанды облыстарындағы ауыл шаруашылығы санағының барысымен танысты

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Ақмола және Қарағанды облыстарының аудандарына барып, ауыл шаруашылығы санағының ұйымдастырылуы мен өту барысын тексерді.

Қарағанды облысында ол Осакаров ауданында болып, облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебековпен бірге санақ науқанына байланысты жиналысөткізді. Бұл өңірде дәстүрлі түрде дәнді, майлы, жемшөп және техникалық дақылдар өсірілетін егіншілік, сондай-ақ ірі қара мал, қой, ешкі мен жылқы өсірілетін мал шаруашылығы жақсы дамыған.

2025 жылғы 1 шілдедегі статистикалық деректерге сәйкес, облыста 463,9 мың бас ірі қара мал, 778,6 мың бас қой мен ешкі бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 11,9 млн гектарды құрайды, оның ішінде 1,2 млн гектары егістік жер. Өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы басты бағыттар – астық өңдеу (28%), нан-тоқаш өнімдері өндірісі (20,1%) және ет өңдеу (13,6%).

«Санақ жүргізу – тек статистикалық міндет қана емес, бұл – елдің аграрлық секторының орнықты дамуына қосылған үлес. Жиналатын ақпараттың сапасына ауыл шаруашылығын жоспарлау, азық-түлік қауіпсіздігін бағалау және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі байланысты. Қарағанды облысында шамамен 10 мың ауыл шаруашылығы құрылымын және 70 мың үй шаруашылығын қамтуды жоспарлап отырмыз. Бюро, әкімдіктер және аумақтық бөлімшелердің бірлескен жұмысының арқасында санақ жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін», – деді Мақсат Тұрлыбаев.

Сапар барысында ол ауыл әкімдігінің жанындағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында болды. Онда бюро басшысы онлайн сауалнамаға қатысып жатқан жергілікті тұрғындарға шараға атсалысқаны үшін алғысын білдіріп, санақтың маңызын ескертіп өтті. Сонымен қатар Бюро басшысы Есіл ауылындағы «Ясная поляна» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған қожалық дәнді дақылдар өсірумен айналысады. 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп кележатқан кәсіпорын, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Ақмола облысында Мақсат Тұрлыбаев Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Мұнда сүт және ет өнімдері, нан-тоқаш тағамдары, шұжық түрлері өндіріледі. Кәсіпорын күн сайын шамамен 800 мың дана жұмыртқа шығарып, оларды Қазақстан, ТМД елдері және жақын шет елдер нарығына жеткізеді.

Сапар аясында Бюро басшысы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның қатысуымен өткен өңірлік санаққа дайындық жөніндегі комиссия отырысына қатысты. Өңірде 7,8 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен 93,3 мың үй шаруашылығын қамту жоспарланған. Бүгінде Ақмола облысы елдің жетекші агроөнеркәсіптік орталықтарының бірі. Мұнда Қазақстан бидайының төрттен бірі, құс етінің 30%-ы және тауық жұмыртқасының 15%-ы өндіріледі. Облыстың ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жиынтық өніміне қосқан үлесі – 23,9%.

«Біз үшін бұл санақ стратегиялық маңызы бар шара. Ол ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайына объективті баға беруге мүмкіндік беріп, болашақта болжам мен жоспарлаудың негізі болмақ. Шара аясында өңірлік комиссия құрылды, картографиялық материал әзірленді, іс-шаралар жоспары мен медиажоспар бекітілді. Науқанның табысты өтуі – біздің бірлескен жұмысымызға байланысты», – деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 1 тамызда басталып, 20 қазанға дейін жалғасады. Онлайн кезең sanaq.gov.kz сайтында 31 тамызға дейін өтеді. Бүгінгі күні санаққа 480 мыңға жуық респондент қатысып үлгерді.