Ұлттық статистика бюросы мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті білім беру және статистика саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжат мемлекеттік орган мен университет арасындағы әріптестікті дамытуға, ғылыми әлеуетті нығайтуға, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың деректермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен университет ректоры Ербол Исақаев ғылыми және білім беру жобаларын бірлесе жүзеге асыру, білім мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасау туралы келісімге келді.
«Бүгінде біз Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқанбыз. Жаңа келісім студенттерге тәжірибеден өтуге және Бюроның аумақтық бөлімшесінде зерттеу жобаларына қатысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, түлектер үшін мемлекеттік статистика жүйесінде жұмыс істеу перспективалары ашылады. Өңірдің жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастық жаңа жобалара негіз болады деп сенемін. Бұл жобалар деректер сапасын арттыруға және саланы дамытуға бағытталатын болады», – деді Бюро басшысы құжатқа қол қою кезінде.
Ынтымақтастық аясында ерекше назар цифрлық сауаттылықты дамытуға аударылып отыр. Бұл мақсатта Data Literacy Hub білім беру платформасы арқылы статистика және деректерді талдау бойынша сертификат алуға мүмкіндік беретін онлайн курстар ұсынылады.
Меморандум білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың статистика сапасын арттыру, кадр әлеуетін дамыту және елде деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырудағы маңыздылығын атап көрсетеді.
Бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – өңірдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Университетте 150-ден астам білім беру бағдарламасы бойынша мамандар дайындалады. Мұнда 16 елден келген 6 мыңнан астам студент білім алуда. Оқу орны ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті белсенді түрде дамытып келеді.