Ұлттық статистика бюросының басшысы Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы санағы барысымен танысты

Ұлттық статистика бюросының басшысы Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы санағы барысымен танысты

Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барып, ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу барысымен танысты.

Сапар барысында ол өңірдегі ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарының бірі – «Зенченко и К» серіктестігіне барды. Бұл кәсіпорын дәнді және майлы дақылдар өсірумен, сондай-ақ сүт және ет өндірумен айналысады. Шаруашылықта 15 мыңнан астам ірі қара мал бар.

Агроөндірушілердің айтуынша, олар Sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама парақтарын толтырған. Жер және еңбек ресурстары туралы, сондай-ақ егіншілік пен мал шаруашылығы жөніндегі мәліметтерді енгізген.

«Ауыл шаруашылығы санағына қатысу өте маңызды. Бұл аграрлық сектордың нақты жағдайын көруге және жұмысты дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді. Біз шынайы деректердің жақтасымыз. Тек нақты сандар ғана нақты жағдайды көрсетеді», – деді Иван Зенченко.
Бюро басшысы сондай-ақ облыс әкімінің міндетін атқарушы Марат Тасмағанбетовтің қатысуымен өткен санақ өткізу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысына қатысты. Өңірде 6,3 мың ауыл шаруашылық құрылымы мен 80 мыңға жуық үй шаруашылығы санақпен қамтылуы тиіс.
«Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы жұмыс сапасы мен қарқыны бойынша көш бастап тұр. Мұнда ұйымдастырылған шаруашылықтар да, жеке қосалқы шаруашылықтар да жоғары деңгейде қамтылған. Қазірдің өзінде оң динамика байқалуда – өңірдегі заңды тұлғалардың 80% астамы онлайн сауалнамадан өтті», – деді Бюро басшысы.

Еске сала кетейік, онлайн санақ кезеңі 31 тамызға дейін Sanaq.gov.kz сайтында жалғасады. Бүгінгі таңда республика бойынша 277 мың респондент, оның ішінде ауыл шаруашылық құрылымдары мен үй шаруашылықтары санақтан өтті.