2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы қарсаңында Бюрода салалық қауымдастықтардың өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Негізгі тақырып ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Бұл кездесу мемлекет пен агроқауымдастық арасындағы өзара тиімді диалогты орнатуда маңызды қадам болды. Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев кәсіби бірлестіктердің белсенді қатысуынсыз санақтың сәтті өтуі мүмкін емес екенін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы санағы – жай ғана формальді шара емес. Бұл – мемлекеттік қолдау мен ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы нақты шешімдер қабылдауға негіз болатын маңызды құрал. Біз бұл үдерісте салалық қауымдастықтардың белсенді рөл атқаратынына сенеміз. Нақ осы сіздермен тікелей байланыс арқылы фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының сенімін және кең ауқымын қамтамасыз ете аламыз», – деді ол.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы статистикасы департаментінің директоры Әсел Жартыбаева санақтың басты мақсаты – ауыл шаруашылығының шынайы жағдайы туралы толық әрі объективті деректер алу екенін атап өтті. Оған өндіріс құрылымы, механикаландыру деңгейі, жұмыспен қамту және ресурс таралуы секілді көрсеткіштер кіреді.
2025 жылы санақ алғаш рет аралас форматта өтеді. 1–31 тамыз аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер sanaq.gov.kz порталы арқылы онлайн сауалнамадан өте алады. Ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында санақшылар онлайн форматқа қатыспаған шаруашылықтарды аралайды.
Порталдың техникалық мүмкіндіктері туралы «Ақпараттық-есептеу орталығы» жобалық басқарма департаментінің директоры Ақмарал Тоқбергенова айтып берді. Оның сөзінше, жүйе пайдалануға ыңғайлы және мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған, бұл сауалнама толтыруды едәуір жеңілдетеді.
Кампания барысында арнайы оқытудан өткен интервьюерлер жұмысқа тартылады деп жоспарлануда. Өңірлерде санақ штабтары, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары мен 1446 қысқа нөмірі арқылы қолдау көрсету желісі іске қосылады.
Максат Турлубаев барлық жиналған деректердің құпиялылығы қатаң сақталатынын атап өтті. Санақтың жиынтық нәтижелері 2025 жылдың желтоқсанында жарияланса, толық аналитикалық есеп 2026 жылы ұсынылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды үйлестіріп, өңірлерде ақпараттық-түсіндіру науқанын іске қосуға келісті. Қатысушылар әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісіне санаққа қатысудың маңызын жеткізу – ел агросекторының дамуына қосқан үлес екенін атап өтті.