Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының басталуына тура бір ай қалды

Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағының басталуына тура бір ай қалды
2025 жылғы 1 тамызда Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Бұл ауқымды статистикалық шара республиканың барлық өңірін қамтып, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы өзекті деректердің маңызды көзіне айналады. 
 
Санақ екі кезеңде өтеді және 2025 жылдың 20 қазанына дейін жалғасады: 
 
Онлайн кезең – 1-31 тамыз аралығында: өсімдік және мал шаруашылығымен, балық өсірумен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ үй шаруашылықтары қатысуы тиіс. Сауалнама sanaq.gov.kz сайтында өтеді. 
 
Офлайн-кезең – 20 қыркүйек-20 қазан аралығында: интервьюерлер онлайн-сауалнамадан өтіп үлгермеген, бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үйлерді аралайды. 
 
«Біз барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, фермерлерге және ауыл тұрғындарына үндеу жолдаймыз. Ауыл шаруашылығы санағына қатысу – жай ғана рәсім емес, бұл еліміздің аграрлық саласының ертеңіне қосқан үлес. Тек толық әрі нақты деректер ғана мемлекеттік қолдауды дұрыс бағыттап, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саясатын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді» – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев. 
Санақта 2 млн жуық үй шаруашылығын және 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамту жоспарланған. Бүкіл ел бойынша сауалнама жүргізу үшін 3500-ден астам интервьюер тартылады. 
 
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары болады. 
 
Сондай-ақ азаматтар 1446 байланыс орталығына хабарласып кеңес ала алады. Аграрлық саланың барлық қатысушыларын санақтан өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосуға шақырамыз. 
 
2025 жылғы ауыл шаруашылығы санағының ресми видеосы
 
*Бейнеролик БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) техникалық қолдауымен әзірленген.