Қазақстан Ұлттық статистика бюросының басшысы Максат Тұрлыбаев Женевада өткен ЭЫДҰ-ның Статистика және статистикалық саясат жөніндегі комитетінің (CSSP) 22-сессиясына қатысты.
Бұл – қазіргі ресми статистиканың алдында тұрған жаңа сын-қатерлерді талқылауға арналған маңызды халықаралық кездесу. Жиынның алғашқы тақырыптарының бірі – Ұлттық шоттар жүйесінің (СНС-2025) жаңартылған нұсқасын және Төлем балансының жаңа басшылығын (BPM) енгізу мәселесі болды.
Бұл құжаттар цифрландыру, жаһандану, халықтың әл-ауқаты мен орнықты даму секілді жаһандық үрдістерді ескере отырып әзірленген. Сессия барысында стандарттарды іске асыру жолдары, ұлттық және халықаралық үйлестіру, сондай-ақ жаңа тәсілдерді енгізу кезінде туындауы мүмкін қиындықтар талқыланды.
Бюро басшысы Қазақстан бұл өзгерістерге белсенді түрде дайындалып жатқанын атап өтті. СНС-2025 қабылданған сәттен бастап еліміз жаңа құрылымдарды талдап, енгізу стратегиясын әзірлеуге кірісті. Бұл жұмысқа мүдделі тараптарды тарту, мерзімдерді белгілеу және басқа елдердің тәжірибесін зерделеу кіреді.
Сондай-ақ отырыс аясында ресми статистикада жасанды интеллектіні (AI) қолдану мәселесі кеңінен қаралды. Қазақстанның ақпараттық экожүйесін дамыту, әсіресе қазақ тіліндегі AI-модельдерді оқыту үшін жағдай жасау жолында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінде елімізде 324 млн астам тауар атауы тіркелген.
Мұндай көлемдегі ақпаратты өңдеу үшін BERT және LLaMA сияқты заманауи тілдік модельдер қолданылады. Бұл тәсіл деректерді құрылымдауды жеңілдетіп қана қоймай, нақты уақыт режимінде баламалы көрсеткіштер алуға мүмкіндік береді.