Женевада өтіп жатқан Еуропалық статистиктер конференциясының 73-ші пленарлық сессиясы аясында Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев «Қазақстанда үй шаруашылықтарына сауалнама жүргізудегі өзгерістер мен жаңашылдықтар» тақырыбында баяндама жасады.
Бюро басшысы өз сөзінде Қазақстанның дәстүрлі іріктемелі зерттеулерден мемлекеттік және баламалы деректердің әртүрлі көздерін интеграциялауға көшудің стратегиялық маңызына назар аударды. Ол 2022 жылы қабылданған Мемлекеттік статистиканы және ұлттық деректер экожүйесін дамыту тұжырымдамасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму серпінін дәл көрсете алатын неғұрлым икемді, тиімді және заманауи статистика жүйесін қалыптастыруға негіз болғанын атап өтті.
Мақсат Тұрлыбаев статистиканың тиімділігін арттыру үшін Қазақстан қазірдің өзінде деректерді жинау мен өңдеудің жаңа тәсілдерін енгізіп жатқанын атап өтті. Үй шаруашылықтарын дәстүрлі іріктеп зерттеумен қатар, Бюро салық қызметінің, зейнетақы қорының, банк транзакцияларының және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің электрондық жүйелерінің әкімшілік деректерін пайдаланып келеді.
Бюро басшысы сондай-ақ медианалық табысты анықтау үшін «Отбасының цифрлық картасы» деректерін қолданудың алғашқы табысты тәжірибелері туралы айтып берді, бұл әлеуметтік қолдаудың неғұрлым нақты бағытталуына ықпал етеді. Қазақстанның жетекші банктерімен жүргізілген эксперименттік зерттеулер банк транзакциялары деректерінің дәстүрлі зерттеулермен салыстырмалылығын растады, бұл халықтың кірістері мен шығыстары статистикасын қалыптастыру үшін жаңа перспективалар ашады.
Мақсат Тұрлыбаев мұндай инновациялық тәсілдерді тиімді пайдалану үшін технологиялық қайта жарақтандыру ғана емес, мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ ресми статистиканың халықаралық стандарттарына сәйкес келетін деректердің сапасын бақылаудың ашық жүйесін құру қажет екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Женевада 16-18 маусым аралығында Еуропалық статистиктер конференциясының (CES 2025) 73-ші сессиясы өтіп жатыр, онда ресми статистиканы дамытудың негізгі бағыттары талқылануда. Сондай-ақ конференция алаңында Қазақстанның статистика бюросы Сербия республикасының статистика басқармасымен статистика саласындағы әріптестік туралы меморандумға қол қойды.