ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде ұлттық статистиканы цифрлық трансформациялаудың одан арғы бағытына арналған кеңес өтті. Реформаның мақсаты – деректерді жинау мен өңдеудің тиімділігін арттыру, процестерді жеделдету, статистикалық ақпараттың сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін статистикалық қызметтің барлық кезеңдерінде цифрлық шешімдерді енгізу.
Агенттік Төрағасы Әсет Ерғалиев ұлттық статистика жүйесін трансформациялау ведомствоны технологиялық тұрғыдан жаңарту ғана емес екенін атап өтті.
«Бұл мемлекеттің заманауи және сенімді деректер инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі айқын саяси ерік-жігерін көрсететін стратегиялық таңдауы, оның негізінде мемлекеттік басқарудың тиімді және транспарентті моделі дамитын болады» – деді ол.
Ұлттық статистика бюросының жүйелі жұмысының арқасында Қазақстан халықаралық деңгейде өз позициясын сенімді түрде нығайтып келеді. Бюроның қызметі БҰҰ, ЭЫДҰ, ХВҚ, АДБ және Дүниежүзілік банк тарапынан жоғары бағаланды. Биылғы жылы ЭЫДҰ ұлттық статистикалық жүйесіне шолу аяқталады, оның қорытындысы бойынша Қазақстан ЭЫДҰ Статистика және статистикалық саясат комитетінің толыққанды мүшесі болады – бұл әлемдік сараптамалық қоғамдастыққа институционалдық интеграцияны тереңдету жолындағы маңызды қадам.
Қазақстан баламалы дереккөздерді ресми статистикаға белсенді түрде енгізіп жатқан алғашқы мемлекеттердің бірі. Бүгінде инфляцияны бағалаудың дәстүрлі әдістері фискалдық чектер негізінде нақты уақыт режимінде автоматтандырылған мониторингке ауыстырылуда, еңбек нарығы зейнетақы жарналары бойынша талданады, тұтынушылардың мінез-құлқы банк транзакциялары бойынша, туристік белсенділік мобильді операторлар деректері бойынша, астық өнімділігі спутниктік мониторинг арқылы бақыланады.
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, осы құралдардың барлығы неғұрлым дәл, жедел деректер алуға, сол арқылы мемлекеттік талдау мен жоспарлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
«Бюроның деректерді жинау әдістерін цифрландыру және оңтайландыру нәтижесінде әкімшілік және ведомстволық дереккөздер бойынша нысандар санын 33%, статистикалық нысандар санын 24% қысқартуға, электрондық жинау үлесін 88%-дан 94%-ға дейін арттыруға, ЖІӨ негізгі көрсеткіштерін есептеуді еселеуге, сондай-ақ әкімшілік және баламалы дереккөздердің пайдаланылуын кеңейтуге қол жеткізілді. Мемлекеттік органдардың 19 ақпараттық жүйесімен интеграциялау мен процестерді автоматтандыру деректерді жинау мен өңдеудің тиімділігін айтарлықтай арттырды», – деп атап өтті Бюро басшысы.
Өткен жылы «Мемлекеттік статистика туралы» заңына енген өзгертулер Бюроға дата-контролер институты арқылы деректердің сапасын бақылау және бағалау бойынша маңызды құзыр берді. Әкімшілік дереккөздерді мемлекеттік бақылау шеңберінде 2024 жылы 10 мемлекеттік органның 14 дерекқорын қамтитын 79 сапалы бағалау жүргізілді. Сонымен қатар орталық органдарда 8 және жергілікті атқарушы органдарда 29 тексеру жүргізілді.
Жұмыс нәтижесінде аграрлық сектордың деректерінде жүйелі қателіктер анықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылдың 1 тамызында Қазақстанда сектордың жай-күйінің шынайы бейнесін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы саясаты үшін берік негіз қалауға арналған ауыл шаруашылығы санағы басталады.
2025-2027 жылдарға арналған реформалар жоспарына сәйкес Бюро цифрлық құралдардың көмегімен деректерді 100% жинауды қамтамасыз етуді, деректер биржасын іске қосуды, деректер сапасын автоматты бақылаудың толыққанды жүйесін қамтамасыз етуді, статистикалық көрсеткіштерді талдау үшін жасанды интеллект құралдарын құруды, үлкен деректерді сақтау мен өңдеудің бірыңғай архитектурасын және ресми статистикалық ақпаратты визуализациялау үшін геоақпараттық жүйені енгізуді жоспарлап отыр.
Қорытындылай келе, Реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев деректердің сапасы мен шынайылығын одан әрі нығайту, сондай-ақ статистикалық қызметке инновацияларды енгізу процестерін жеделдету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.