Ұлттық статистика бюросы Түрікменстаннан келген делегацияны қабылдады. Оның құрамында Түрікменстанның Статистика жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Орталық банктің және Мемлекеттік кеден қызметінің өкілдері бар.
Сапардың мақсаты – сыртқы сауда қызметтері статистикасын жинау, өңдеу және тарату саласындағы Қазақстанның тәжірибесімен танысу, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен статистикалық қызметте цифрлық шешімдерді енгізу тәжірибесін зерделеу.
Бағдарлама аясында делегация Бюро жұмысының негізгі бағыттарымен танысып, сыртқы және өзара сауда деректерін талдауға арналған ресми сайт пен цифрлық дашбордтардың мүмкіндіктерін көрді. Кездесу барысында статистикалық деректерді визуализациялау мен ақпаратқа ашық қолжетімділікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев ұлттық статистиканы дамытудағы Бюроның стратегиялық тұжырымдамасын таныстырып, жаһандық өзгерістер жағдайында трансформациялау жоспарын бөлісті. Кездесу барысында тараптар қызметтер мен энергетика статистикасын жүргізу мәселелері бойынша пікір алмасып, деректердің дәлдігін арттыру мен дер кезінде шығару тәсілдерін талқылады.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар статистикалық ақпараттың сапасы мен ашықтығын арттыру мақсатында серіктестікті одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендерін растады. Апта ішінде түрікмендік тарап ұсынылған тәсілдер мен қолданылып жатқан құралдарды өз тәжірибелерінде бейімдеу мүмкіндігі тұрғысынан егжей-тегжейлі зерделеуді жоспарлап отыр.