Ұлттық статистика бюросы мен «Қазпошта» АҚ 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын дайындау және өткізу шеңберінде ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Ондағы уағдаластыққа сәйкес «Қазпошта» пошташылары үй шаруашылықтарын аралау кезеңінде интервьюерлер ретінде жұмысқа тартылатын болады.
Мұндай шешім жергілікті жерлерде сауалнама жүргізу үшін кадр ресурсын жедел толтыруға мүмкіндік береді. Пошташылар өздерінің қызмет көрсету аумағын жақсы біледі және жергілікті тұрғындар арасында, әсіресе ауылдық жерлерде сенімді әрі танымал. Сонымен қатар санақ науқаны олар үшін қосымша табыс көзі бола алады.
«Санақтың негізгі кезеңінде пошташыларды сұхбат беруші ретінде тарту – біз үшін ең тиімді шешім. Бұл модельдің бірегейлігі қызметкерлердің сенімі мен танылуының, кең аумақтық қамтудың және тұрақты логистикалық жүйенің үйлесімінде жатыр. Пошташылар әр елді мекенде, әсіресе ауылдық жерлерде танымал және құрметке ие. Олардың бұл науқанға қатысуы санақ жұмыстарының сенімділігін едәуір арттыра түседі», – деді келісімге қол қою кезінде Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Үй-үйді аралау кезеңінде Бюро санаққа тартылған интервьюерлерді барлық қажетті материалдармен – планшеттермен, нұсқаулықтармен, қызметтік куәліктермен және санақ құралдарымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жұмысты бастамас бұрын міндетті оқыту және білімін тексеру шаралары жүргізіледі.
«Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміз үшін маңызды науқан. Біз үшін бұл тек статистикаға қолдау көрсету ғана емес, шалғайдағы ауыл тұрғындарына қоғам өміріне белсенді араласу мүмкіндігін ұсыну. Пошташылар – ел аумағындағы ең сенімді және қолжетімді мамандардың бірі. Сондықтан біз өз қызметкерлеріміздің бұл маңызды процеске қатысуына зор жауапкершілікпен қараймыз. Бұл ынтымақтастық – әлеуметтік маңызы бар міндеттерді бірлесе атқарудың айқын үлгісі», – деп атап өтті «Қазпошта» АҚ төрайымы Әсел Жанасова.
«Қазпошта» тарапынан пошташылардың олардың басшылығымен санаққа қатысуын келісу, сондай-ақ бюроның аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыруға жәрдемдесу қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ «Қазпошта» бөлімшелер желісі халық арасында ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.
Санаққа барлығы 3500-ден астам интервьюерді тарту жоспарланып отыр, олардың бір бөлігін өңірлердегі «Қазпошта» қызметкерлері есебінен болмақ.