Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Бюро туралы
Байланыс ақпарат
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Все материалы
17 февраля 2026
2025 жылдағы Өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім

Жедел деректерге сәйкес, 2025 жылғы Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты көлем индексі 2024 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 106,5% құрады. ЖІӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі 36,1% алады, қызметтердікі – 57,7%.

Ең жоғары өсім көлік және қоймалау (20,4%),  құрылыс (15,9%), көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу (8,9%), өңдеу өнеркәсібі (6,4%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (5,9%) слалаларына тиесілі.

ЖІӨ – нарықтық бағалардағы өндіруші-резиденттердің өндірістік қызметінің түпкілікті нәтижесі болып табылады. ЖІӨ-нің НКИ экономикада нақты кезеңдегі тауарлар мен қызметтер өндірісі көлемінің өзгерісін сипаттайды.

17 февраля 2026
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде Ұлттық статистика бюросының даму басымдықтары талқыланды

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке Бюроның биылғы даму перспективалары мен күтілетін жұмыс нәтижелері туралы баяндап берді.

Кездесу барысында Бюро басшысы статистиканы цифрлық трансформациялауға, әкімшілік және баламалы дереккөздерді қолдану аясын кеңейтуге, жасанды интеллект құралдарын енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған негізгі даму бағыттарын таныстырып өтті.
Қазіргі таңда көрсеткіштерді есептеудің жаңа құралдары мен әдістері қатарында туризм мен көші-қон статистикасында мобильді операторлар деректерін пайдалану бағыты белсенді түрде дамып келеді. Сонымен қатар тоқсандық жалпы ішкі өнімді дискретті әдіспен есептеу енгізілуде, халықтың ақшалай табысын бағалау әдістемесі жаңартылуда және ұлттық шоттар жүйесінің 2025 жылғы халықаралық стандартына көшу бойынша жұмыстар басталды. Бұл шаралар ресми статистиканың терең талдау жасаудағы мүмкіндігін арттырады.

«Еліміздің цифрландыру және жасанды интеллект құралдарын дамыту бағытын ескере отырып, Бюро деректерді іздеу мен талдауға, ақпаратты автоматты түрде жіктеуге және пайдаланушылармен интеллектуалды көмекші форматында байланыс орнатуға арналған жасанды интеллект ассистенттерін әзірлеуге кірісті. Сонымен қатар кәсіпорындарда жасанды интеллектіні пайдалану бойынша жалпыұлттық статистикалық зерттеу енгізілмек. Бұл экономиканың салалары бойынша технологияларды қолдану деңгейін бақылауға және цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуды басқаруда жүйелі әрі өлшенетін тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп баяндады басшы.

Кездесу барысында мінез-құлық экономикасы мен үлкен деректерді талдау орталығының базасында экономикалық белсенділікті нақты уақыт режимінде бақылауға арналған трекерлер жүйесін қалыптастыру туралы да айтылды. Респонденттер арасында сауалнама жүргізуге арналған мобильді қосымшаны енгізу – деректерді жинаудың жеделдігін арттырып, көрсеткіштердің өзара салыстырмалылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың деректерін біріктіру арқылы статистикалық тіркелімдер жүйесін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

2026 жылы Бюро Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының статистика және статистикалық саясат жөніндегі салалық комитетіне қосылу жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ статистикалық тиімділік (SPI) және деректердің ашықтығы (ODIN) бойынша халықаралық рейтингтердегі ел позициясын жақсартуды жоспарлап отыр.

Агенттік төрағасы ұсынылған басымдықтарды оң бағалап, оларды жүйелі түрде іске асыру заманауи әрі технологиялық ұлттық статистикалық жүйені қалыптастыру үшін маңызды екенін атап өтті.

13 февраля 2026
Еңбек нарығындағы жағдай

Халықтың жұмыспен қамтылуы жүргізілген іріктемелі зерттеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы IV тоқсанда Республика экономикасының әртүрлі салаларында 9 278,9 мың адам жұмыспен қамтылды, олардың 7 142,1 мыңы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 77%) жалдамалы қызметкер болса, 2 136,8 мың адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23%) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 64,6% құрады.

2024 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 81,9 мың адамға, негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен өскен.

Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17%), білім беру (13,2%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,3%) салаларында байқалды.

IV тоқсанда Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген (табысты кәсібі (жұмысы) болмаған, оны белсенді іздеген және жұмысқа кірісуге дайын) жұмыссыздық деңгейі 4,6% құрады.

Жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқыумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 5,8% болса, 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1% құрады.

 

10 февраля 2026
Тұрғын үйді алып-сату мәмілелерінің саны 47,8% азайды

2026 жылғы қаңтар айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 27 745 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 020 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 21 725 мәміле жасалды. 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда (53 128) тұрғын үйді алып-сату саны 47,8% азайды. Мәмілелер саны бойынша Астана (5 375 – 19,4%), Алматы (5 191 – 18,7%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 241 – 8,1%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 283 мәміле (1,0%) тіркелген.

2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 2026 жылдың қаңтарында мәмілелер санының азаюы барлық өңірде тіркелген. Ең қатты төмендеу Павлодар (-68,1%), Абай      (-64,0%) және Солтүстік Қазақстан (-57,3%) облыстарында тіркелді.

Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 47,2% (19 452 мәмілеге) азайды. 2026 жылдың қаңтарында пәтерлер бойынша барлығы 21 725 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 78,3%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (24,3%), Алматы (21,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,8%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, олар бойынша 8 247 мәміле ресімделген.

Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 49,6% (5 931 мәмілеге) азайды. Қаңтарда барлығы 6 020 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының төмендеуі еліміздің барлық өңірінде тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең қатты төмендеуі Абай (-65,7%), Ақтөбе (-63,8%) және Батыс Қазақстан (-60,6%) облыстарында байқалды.

2026 жылғы қаңтарда тұрғын үйді алып-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 10,3% азайған, ол кезде 30 917 мәміле ресімделген болатын. Жылдық мәнде мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Шымкент қаласында (+32,2%) байқалды, ең қатты төмендеу – Батыс Қазақстан облысында (-32,4%).

06 февраля 2026
Бюро өңірлердегі әкімшілік деректердің сапасын бақылауды күшейтеді

2026 жылғы 2–3 ақпанда ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мамандары жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды.

Сапардың негізгі мақсаты – ресми статистика жасау үшін қолданылатын әкімшілік деректер көздерін тексеру және олардың сапасын жоғарылату жолдарын әзірлеу болды.

3 ақпанда Қызылорда облысы бойынша Бюро департаментінде семинар өтті. Тақырыптары: «Әкімшілік деректерге мемлекеттік бақылау және олардың сапасы» және «Әкімшілік деректер көздерінің сапасын бағалау және қамтамасыз ету».

Семинарға жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, ветеринарлық инспекция қызметкерлері, сондай-ақ Бюроның аумақтық департаменті мамандары қатысты.

Бюро мамандары әкімшілік деректердің сапасын талдаудың нәтижесін ұсынды, негізгі жүйелік қателіктерді атап өтті және әр аудан бойынша олардың өзгеріс динамикасын көрсетті.

Пікірталас барысында шаруашылық есеп жүргізу, әкімшілік деректерді қалыптастырудағы типтік қателіктер және статистика саласындағы мемлекеттік бақылау механизмдері қаралды. Қатысушыларға қателіктерді азайту және деректерді заң талаптарына сәйкес келтіру бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросының цифрлық трансформациясы мен жергілікті атқарушы органдардың әкімшілік деректердің толықтығы, дәлдігі және уақтылығын қамтамасыз етудегі рөлі туралы да айтылды.

Жүргізілген жұмыс жергілікті деңгейде деректер әкімшілерінің жауапкершілігін арттыруға, сенімді және ашық статистика қалыптастыруға маңызды қадам болды.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар нақты түсініктемелер мен ұсыныстар алып, олар өңірде әкімшілік деректермен одан әрі жұмыс кезінде ескерілетін болады.

06 февраля 2026
Мақсат Тұрлыбаев Дүниежүзілік банк сарапшыларымен кездесті

Ұлттық статистика бюросында Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың Дүниежүзілік банк өкілдерімен белсенді ұзақ өмір сүру саясаты мен халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті.

Дүниежүзілік банк делегациясы құрамында жетекші экономист Михаил Локшин мен әлеуметтік қорғау саласы бойынша аға маман Иван Шульга болды. Кездесу барысында демографиялық өтпел кезеңнің негізгі сын-қатерлері, оның әлеуметтік-экономикалық салдары, сондай-ақ халықтың қартаюы жағдайында тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру жолдары талқыланды.

Сарапшылар елдердің демографиялық өзгерістерге дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін Қартаю саясаты индексі (Aging Policy Index) бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Аталған индекс демографиялық үрдістердің еңбек нарығына, әлеуметтік қорғау жүйесіне және жалпы экономикалық дамуға әсерін көрсетеді.

Сонымен қатар мемлекеттік жоспарлау жүйесінде демографиялық факторларды ескеру, Қазақстан халқы санына қатысты болжамдар әзірлеу және демографиялық өзгерістермен байланысты тәуекелдерді төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру бойынша жұмыстарды да талқылады.

Сапар аясында қонақтар Бюроның қызметімен және деректермен жұмыс істеудегі заманауи тәсілдермен де танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар пікір алмасып, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.

Айта кетейік, келесі аптада Ұлттық статистика бюросында Дүниежүзілік банк сарапшыларының кезекті сапары күтілуде. Сапар аясында кедейлік, әлеуметтік әділеттілік және гендерлік теңдік мәселелері бойынша жұмыс кездесулерін өткізу жоспарланып отыр.

03 февраля 2026
Жылыжайлар саны 10% өсті

2026 жылғы 1 қаңтар жағдайы бойынша Қазақстан Республикасында 2 319 жылыжай тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10% көп. Жылыжайлардың жалпы ауданы 12,1 мың шаршы метрді құрайды.

Көбінесе жылыжайлар көкөніс дақылдарын өсіруге арналған – 2 159 бірлік, яғни жалпы санының 93,1%-ы. Басқа мақсаттағы жылыжайлар 160 бірлікті құрайды:

  • гүл өсіруге арналған – 47 бірлік (2,0%);
  • саңырауқұлақ өсіруге арналған – 6 бірлік (0,3%);
  • басқа мақсаттағы – 107 бірлік (4,6%).

Аудан бойынша 10 000 шаршы метрге дейінгі жылыжайлар басым, олар жалпы санының 90,9%-ын құрайды. 10 001–50 000 шаршы метрге дейінгі жылыжайлар – 8,1%, ал 50 001 шаршы метрден асатындары – 1,0%.

Жылыжайлардың жалпы саны бойынша 5 000 шаршы метрден асатын өндірістік жылыжайлар – 23,5%, ал 5 000 шаршы метрге дейінгі фермерлік жылыжайлар – 76,5%. Өндірістік жылыжайлар негізінен Түркістан, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында шоғырланған және өнімділігі жоғары.

Жылыжайлардың 66,3% 10 жылдан аз, 30,3% 11–20 жыл, ал 3,4% 21 жылдан астам пайдаланылады.

Ең көп жылыжай Түркістан облысында шоғырланған – жалпы санының 62,4%-ы. Бұл аймақ жалпы пайдаланылатын жылыжай ауданының 75,3%-ын және жиналған өнімнің 49,2%-ын береді.

2025 жылы жылыжайларда жиналған көкөніс өнімінің жалпы көлемі 168,7 мың тоннаны құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,1% көп. Өнімнің өсуі қияр дақылдарының егіс көлемінің ұлғаюы және 2025 жылдың II тоқсанында жылыжай алаңдарының кеңеюімен байланысты.

Жалпы өнім көлеміне Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласы негізгі үлес қосты.

Қызанақ пен қиярдан басқа, жылыжай шаруашылықтарында банан, лимон, құлпынай, көкжидек сияқты көпжылдық дақылдар, сондай-ақ қарбыз, тәтті қауын сияқты бақша дақылдары өсіріледі.

Қияр өсірілетін жылыжайлардың көшбасшылары – Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Алматы және Павлодар облыстары. Қызанақ өсіру бойынша көшбасшылар – Түркістан, Ақтөбе, Алматы және Павлодар облыстары.

02 февраля 2026
Қазақстан Республикасындағы инфляция

2026 жылдың қаңтар айындағы инфляция 1% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 0,8%, азық-түлік емес тауарлары – 1,2%, ақылы қызметтер 1,1% өсті.

Азық-түлік өнімдерінен қиярдың бағасы – 7,3%, алма – 4,1%, күріш 0,7% төмендеді. Тұздың бағасы – 0,9%, май құрамындағы шпроттар – 0,6%, жасымық 0,2% көтерілді.

Өткен айда азық-түлік емес тауарлар арасында ас үй ыдыстары жиынтығы бағасы – 7,1%, электр еттартқыш – 2,8%, жаңа жеңіл автокөліктер – 2,2%, азитромицин 1% арзандады. Баға деңгейі ноутбукке – 4,3%, ыдыс жуатын құралдар мен мотор майы 1%-дан қымбаттады.

Жаттығу залдарының қызметтері – 1,2%, киімдерді химиялық тазалау – 0,7%, шет тілдерін оқыту курстары –0,2% қымбаттады.

Жылдық есептеуде 2026 жылғы қаңтарда инфляция 12,2%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 12,9%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 11,7%, ақылы қызметтер – 12% өсті.

Жылдық мәнде жылдық мәнде картоп 7%, сарымсақ – 4,9%, тәтті бұрыш – 2,6%, курага – 1,1% арзандады. Мейіз – 7,7%, ашытқы 4,6% қымбаттады.

2025 жылғы қаңтармен салыстырғанда суэмульсиялық бояулардың бағасы – 9,2%, әйелдерге арналған сөмке – 6,7%, жуғыш ұнтақ – 6,3% төсек-орын жабдығының жиынтығы мен кір сабын 5,9%-дан өсті.

Мектептен тыс музыканы оқыту сабақтары – 2,3%, ұялы телефонды жөңдеу 2,2% қымбаттады.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 537 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.

*2025 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі –   41,1%, азық-түлік емес тауарлар – 28,4%, ақылы қызметтер 30,5% құрады.

30 января 2026
Бюро инфляцияны есептеудің жаңа тәсіліне көшеді

2026 жылғы қаңтардан бастап ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұтыну бағалары индексін – инфляцияны есептеудің жаңартылған әдісін енгізеді.
Енді тек дүкендер мен интернеттегі бағаларды бақылау ғана емес, бақылау-касса машиналары арқылы тіркелген фискалдық түбіртек деректері де есепке алынады. Бұл халықтың нақты бағалары мен сатып алулары туралы дәлірек әрі толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Бұл өзгеріс мемлекеттік статистиканы дамыту концепциясы мен ұлттық деректер экожүйесі шеңберінде жүзеге асырылуда. Мақсат – ресми статистиканың дәлдігі, жылдамдығы және сапасын арттыру.

Фискалдық түбіртек деректерін пайдалану үшін арнайы кешенді әдістеме әзірленді. Ол ақпаратты тазалау мен өңдеуді, тауарларды автоматты түрде жіктеуді, деректерді топтауды және индексті есептеудің заманауи динамикалық тәсілін қамтиды. Әдістеме тексеруден өтіп, Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан оң баға алды.

«Соңғы үш жылда түбіртектердегі тауар атауларын даярлау және жіктеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Миллиондаған тауар атаулары тазаланып, жіктелді. Бүгінде талдауда 60 миллионнан астам түбіртек деректері қолданылады. Бұл бағаларды бақылаудың ауқымын кеңейтеді және есептеулердің дәлдігін арттырады. Мұндай тәжірибені әлемде тек бірнеше ел ғана қолданады, ал Қазақстан үшін бұл маңызды қадам», – деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.


Бағалардың баламалы ақпарат көздерін, оның ішінде фискалдық түбіртектерді пайдалану Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа да елдерде кеңінен қолданылып келеді. Қазақстанда бұл тәсіл деректерді жылдам алу, бағаның өзгерістерін дәлірек бақылау және статистиканың аналитикалық мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қаңтар айындағы инфляция деректері 2 ақпанда Бюроның ресми сайтында жарияланады.

29 января 2026
Бюро зерттеушілерге арналған виртуалды кабинетті іске қосты

Бюро ғылым мен зерттеулерді қолдауды кеңейтеді. 2025 жылдан бастап қазақстандық және шетелдік зерттеушілер ресми интернет-ресурсымыздағы http://stat.gov.kz «Зерттеушінің виртуалды кабинеті» сандық қызметі арқылы сәйкестендірілмеген түрінде дерекқорға қол жеткізе алады.
Бұл қызмет деректермен қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді, яғни Бюроға келудің қажеті жоқ. Сол арқылы сәйкестендірілмеген дерекқорға қолжетімділік жылдам әрі ыңғайлы болады.

Барлық деректер жеке тұлғаларды немесе заңды субъектілерді анықтау мүмкіндігінсіз ұсынылады және халықаралық құпиялылық пен ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келеді.

Виртуалды кабинеттің іске қосылуы Қазақстандағы ғылыми ортаны дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады және халықаралық зерттеу қауымдастығымен ынтымақтастықты нығайтады.

«Бюро ғылыми қауымдастыққа статистикалық деректерге қол жеткізуді едәуір жеңілдетті. Бұрын зерттеушілерге дерекқормен жұмыс істеу үшін Бюро кабинеттеріне жеке бару қажет болса, қазір қол жеткізу онлайн жүзеге асады. Бұл уақытты үнемдеуге, аймақтық шектеулерді жоюға және ресми статистикамен жұмыс істеуді ыңғайлы әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Барлық деректер халықаралық құпиялылық пен қауіпсіздік стандарттарына сәйкес өңделеді», – деді ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Сонымен қатар, зерттеушілер дерекқормен арнайы жабдықталған кабинеттерде де жұмыс істей алады:
•    Астана қаласы, Желтоксан көшесі, 22, 303 кабинет
•    Алматы қаласы, Абай даңғылы, 125, 201 кабинет

Дерекқорды алу үшін өтініш Бюроның интернет-ресурсындағы «Жеке кабинет» / «Пайдаланушы кабинеті» арқылы беріледі және қажетті құжаттармен бірге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Өтініш мақұлданған соң зерттеуші зерттеу жүргізу үшін дербестендірілмеген деректерге қол жеткізеді.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты