Меню
Страницы
Қызметі
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Бюро туралы
Байланыс ақпарат
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Басқарма туралы
Все материалы
20 августа 2025
Бюроның Байланыс орталығы ауыл шаруашылығы санағы аясында 8 мыңнан астам өтініш қабылдады

Тамыз айының басынан бастап Ұлттық статистика бюросының 1446 байланыс орталығы азаматтарға Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына қатысу мәселелері бойынша белсенді түрде кеңес беріп келеді.

1 тамыздан бастап байланыс орталығына 10,5 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, оның 8,4 мыңы тікелей ауыл шаруашылығы санағына қатысты болды.

Қазіргі таңда санақ онлайн форматта өтіп жатыр. Тамыз айының соңына дейін барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары мен үй шаруашылықтары онлайн түрде sanaq.gov.kz ресми сайтында ауыл шаруашылығы санағынан өте алады.

Жедел кеңес алу үшін 1446 байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ «Sanaq myrza» чат-боты мен сайттағы онлайн-консультант сияқты цифрлық байланыс арналары да қолжетімді.

Еске саламыз, санақтың екінші кезеңі 2025 жылғы 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін өтеді. Бұл кезеңде интервьюерлер онлайн санақтан өтпеген үй шаруашылықтарын аралап, деректер жинайтын болады.

Ауыл шаруашылығы санағы – елдің аграрлық секторын тиімді дамыту үшін қажет сапалы статистиканы қалыптастыру мен ауыл шаруашылығы өндірушілері туралы деректерді өзектендіруде маңызды рөл атқарады.

19 августа 2025
Ұлттық статистика бюросы мен М.Қозыбаев атындағы СҚУ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Ұлттық статистика бюросы мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті білім беру және статистика саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі меморандумға қол қойды. Құжат мемлекеттік орган мен университет арасындағы әріптестікті дамытуға, ғылыми әлеуетті нығайтуға, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың деректермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен университет ректоры Ербол Исақаев ғылыми және білім беру жобаларын бірлесе жүзеге асыру, білім мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасау туралы келісімге келді.

«Бүгінде біз Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқанбыз. Жаңа келісім студенттерге тәжірибеден өтуге және Бюроның аумақтық бөлімшесінде зерттеу жобаларына қатысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, түлектер үшін мемлекеттік статистика жүйесінде жұмыс істеу перспективалары ашылады. Өңірдің жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастық жаңа жобалара негіз болады деп сенемін. Бұл жобалар деректер сапасын арттыруға және саланы дамытуға бағытталатын болады», – деді Бюро басшысы құжатқа қол қою кезінде.

Ынтымақтастық аясында ерекше назар цифрлық сауаттылықты дамытуға аударылып отыр. Бұл мақсатта Data Literacy Hub білім беру платформасы арқылы статистика және деректерді талдау бойынша сертификат алуға мүмкіндік беретін онлайн курстар ұсынылады.

Меморандум білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың статистика сапасын арттыру, кадр әлеуетін дамыту және елде деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастырудағы маңыздылығын атап көрсетеді.

Бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – өңірдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Университетте 150-ден астам білім беру бағдарламасы бойынша мамандар дайындалады. Мұнда 16 елден келген 6 мыңнан астам студент білім алуда. Оқу орны ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті белсенді түрде дамытып келеді.

18 августа 2025
Ұлттық статистика бюросының басшысы Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы санағы барысымен танысты

Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барып, ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілу барысымен танысты.

Сапар барысында ол өңірдегі ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарының бірі – «Зенченко и К» серіктестігіне барды. Бұл кәсіпорын дәнді және майлы дақылдар өсірумен, сондай-ақ сүт және ет өндірумен айналысады. Шаруашылықта 15 мыңнан астам ірі қара мал бар.

Агроөндірушілердің айтуынша, олар Sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама парақтарын толтырған. Жер және еңбек ресурстары туралы, сондай-ақ егіншілік пен мал шаруашылығы жөніндегі мәліметтерді енгізген.

«Ауыл шаруашылығы санағына қатысу өте маңызды. Бұл аграрлық сектордың нақты жағдайын көруге және жұмысты дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді. Біз шынайы деректердің жақтасымыз. Тек нақты сандар ғана нақты жағдайды көрсетеді», – деді Иван Зенченко.
Бюро басшысы сондай-ақ облыс әкімінің міндетін атқарушы Марат Тасмағанбетовтің қатысуымен өткен санақ өткізу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның отырысына қатысты. Өңірде 6,3 мың ауыл шаруашылық құрылымы мен 80 мыңға жуық үй шаруашылығы санақпен қамтылуы тиіс.
«Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысы жұмыс сапасы мен қарқыны бойынша көш бастап тұр. Мұнда ұйымдастырылған шаруашылықтар да, жеке қосалқы шаруашылықтар да жоғары деңгейде қамтылған. Қазірдің өзінде оң динамика байқалуда – өңірдегі заңды тұлғалардың 80% астамы онлайн сауалнамадан өтті», – деді Бюро басшысы.

Еске сала кетейік, онлайн санақ кезеңі 31 тамызға дейін Sanaq.gov.kz сайтында жалғасады. Бүгінгі таңда республика бойынша 277 мың респондент, оның ішінде ауыл шаруашылық құрылымдары мен үй шаруашылықтары санақтан өтті.

18 августа 2025
2025 жылғы қаңтар-шілдеде құрылыс жұмыстарының орындалуы және объектілерді пайдалануға беру туралы

2025 жылғы қаңтар-шілдеде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 18,5% өсіп, 4073,6 млрд. теңгені құрады.

Көрсеткіштің ұлғаюы имараттар (27,5%) мен тұрғын ғимараттар (15,6%) құрылысы жұмыстары және жөндеу жұмыстарына байланысты.

 

2025 жылғы қаңтар-шілдеде орындалған құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) түрлері бойынша ең көп үлесті тұрғын емес ғимараттар (жалпы көлемге 21,9%), автомобиль, теміржолдары мен метролар (23,9%) және тұрғын үйлердің (13,4%) құрылысы алады.

Аумақтық бөлінісінде республиканың он сегіз өңірінде құрылыс жұмыстары көлемінің ұлғаюы байқалады. Едәуір өсу Қостанай (40,4%), Қызылорда (37%), Түркістан (34,6%), Солтүстік Қазақстан (34,2%), Батыс Қазақстан (33,4%), Ақмола (32,7%), Маңғыстау (28,1%), Алматы (26%), Ақтөбе (25,6%) Жетісу (23,9%) және Қарағанды облыстарында (21,8%), Алматы (35,6%), Астана (33,9%) және Шымкент қалаларында (18,8%) байқалады.

Қазақстан Республикасында 2025 жылғы қаңтар-шілдеде пайдалануға берілген жаңа объектілердің жалпы алаңы 12802,9 мың шаршы метрді құрады.

Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2024 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 5,2% көбейді, 9380,7 мың шаршы метрді құрады, олардан 5995,5 мың шаршы метр - көп пәтерлі және 3285 мың шаршы метр - жеке үйлер. Тұрғын үйлердің едәуір бөлігін – 8748,2 мың шаршы метрді немесе 93,3%-ын жеке құрылыс салушылар, оның ішінде, 3404,7 мың шаршы метрді халық пайдалануға берген.

15 августа 2025
Шілдеде 169,9 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды

2025 жылғы шілдеде 169,9 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды1, оның ішінде жеңіл автомобильдер – 153,5 мың бірлік, жүк автомобильдері – 9,8 мың бірлік, автобустар – 1,6 мың бірлік және мототранспорт – 5 мың бірлік.

2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 6 629 мың бірлікті құрады, оның ішінде 86,7% – жеңіл автомобильдер, 9,5% – жүк көліктері, 1,8% – автобустар мен мотокөліктер – 2%.

Пайдаланылатын отын түрі бойынша көліктердің 82,1%-ы бензинмен жүреді, аралас отынмен жүретін көліктердің үлесі – 7,1%, дизель отынымен жүретін көліктердің үлесі – 7%, көліктердің жалпы санынан газ баллонды көліктердің үлесі 0,3% құрады, тағы 20 775 бірлік көлік электр қуатымен жүреді және жалпы автокөліктердің 0,3% құрайды.

Сонымен қатар, тіркелген көлік құралдарының жалпы санынан ең көп үлесті (37,5%) қозғалтқышының көлемі 1500-ден 2000 текше см-ге дейінгі көліктер құрайды, қозғалтқышының көлемі 1500 текше см-ге дейінгілердің үлесі – 19,9%, қозғалтқышының көлемі 2000-ден 2500 текше см-ге дейін – 15,5%, қозғалтқышының көлемі 2500-ден 4000 текше см-ге дейінгі көлік үлесі – 13,7%, 4000 текше см-ден жоғарысы – 9,4%.

Қозғалтқышының көлемі 1500-ден 2000 текше см-ге дейінгі көлік құралдарының ең көп саны Алматы облысында – 259,3 мың бірлік, Алматы - 248,9 мың бірлік және Астана қалаларында – 196,5 мың бірлік.

13 августа 2025
Бюро мамандары халық санының эксперименттік есептеу мәселесін талқылады

Қазақстандағы БҰҰ Халықты қоныстандыру қорының (ЮНФПА) өкілдерімен өткен кездесуде Ұлттық статистика бюросы халық санын 2055 жылға дейінгі кезеңге эксперименттік есептеу мәселелерін, сондай-ақ статистикалық тіркелімдер негізінде аралас әдіспен 2030 жылғы раунд санағына дайындық барысын талқылады.

Кездесу барысында АҚШ Халық санағы бюросының DAPPS (Demographic Analysis Population Projection System) жүйесін қолдана отырып, өңірлер бөлінісінде халық санының болжамын әзірлеу жобасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл жүйе туу, өлім-жітім және көші-қон көрсеткіштерін бағалау негізінде қысқа және ұзақ мерзімді демографиялық болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру Бюроның демографиялық болжау саласындағы институционалдық және техникалық әлеуетін нығайтып, мемлекеттік органдар мен жұртшылықты ғылыми негізделген деректермен қамтамасыз етуге жол ашады.

Бюро ЮНФПА-ға жобаны қолдау жөніндегі өтінішті жедел қарағаны және ұлттық статистиканы, әсіресе демография саласын дамытудағы ұзақ мерзімді әріптестігі үшін алғыс білдірді. Тараптар сондай-ақ кеңес беру, оқыту өткізу, болжамдық сценарилер әзірлеу және негізгі нәтижелер визуализациясымен бірге аналитикалық есеп дайындау мәселелерін талқылады.

Қазіргі уақытта Бюро қызметкерлері өңірлер бөлінісінде халық саны мен негізгі демографиялық құрамдастар бойынша бастапқы деректерді дайындады. Болжам нәтижелері 2021 жылғы халық санағының қорытындыларын ескере отырып, «Біз, Қазақстан» есебінің «2055 жылға дейінгі демографиялық перспектива» бөлігін жаңарту кезінде пайдаланылатын болады.

12 августа 2025
2025 жылғы ІІ тоқсандағы жалақы мөлшері

Қазақстан Республикасы бойынша 2025 жылғы ІІ тоқсандағы жалақының медианалық мөлшері (жалақы қатарындағы орталық деңгей) 316 152 теңгені құрады. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, атаулы орташа жалақы 448 620 теңге болды. Атаулы жалақы индексі өткен жылдың сәйкес тоқсанына қарағанда 111,3% құрады.

2024 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда ең жоғары орташа айлық жалақы өсімі келесі салаларда тіркелді: ақпарат және байланыс – 24%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 23,7%, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондицияланған ауамен жабдықтау – 16,9%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 16,1%. Денсаулық сақтау және білім беру салаларында орташа айлық жалақы 7,8%-ға өсті.

Аймақтық тұрғыда 2025 жылдың екінші тоқсанында орташа атаулы айлық жалақының ең жоғары өсімі Жетісу облысында – 18,4%, Астана қаласында – 15,4%, Алматы қаласында – 15,3%, Алматы облысында – 14,6% және Қарағанды облысында – 14% болды.

11 августа 2025
Солтүстік Қазақстан облысында әкімшілік деректердің дәлдігін тексеру жұмыстары өткізілді
Әкімшілік деректердің сапасы мен шынайылығын қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс аясында Ұлттық статистика бюросы Солтүстік Қазақстан облысында тексеру жүргізді. 
 
Бақылау іс-шаралары Заречный, Қызылжар және Лесная ауылдық округтерінде өтті. Тексерудің мақсаты – тұрғын үйлердің саны мен олардың аумақтарын, жеке шаруашылықтардағы малдың нақты санын анықтау, сондай-ақ ЭШБЕА бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесіндегі қате ЖСН-дерді және қайтыс болған адамдар туралы деректерді анықтау болды. 
 
Тексеру барысында Чириковка ауылында – 39, Бәйтерек ауылында – 32, Ленинское ауылында – 15 шаруашылық қамтылды. Тексеру нәтижесінде әкімшілік деректер мен малдың нақты саны арасында алшақтықтар анықталды. Әрбір жағдай бойынша ауыл әкімдеріне тексеріс қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетілген ұсынымдармен қорытындылар тапсырылды. 
 
Тексеруге қосымша ретінде, Бюро әкімшілік деректерді жүргізуге жауапты мемлекеттік орган өкілдері үшін оқыту семинарын ұйымдастырды. Семинарға ауылдық округ әкімдері мен бас мамандары, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, ветеринариялық қызмет, аудандық бөлімшелер мен ветеринар дәрігерлер қатысты. 
 
Семинарда мемлекеттік бақылау мәселелері, статистикалық есеп жүргізу саласындағы заңнаманы қолдану, сондай-ақ статистика органдары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл тақырыптары қозғалды. Қатысушыларға әкімшілік деректерді қалыптастырудың әдістемесі мен құқықтық аспектілері бойынша толық түсіндірме берілді.
11 августа 2025
10 күнде ауыл шаруашылығы санағына 130 мыңнан астам респондент қатысты

Тамыздың алғашқы 10 күнінде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңіне шамамен 133 мың респондент қатысты. Оның ішінде 64 мыңы – бау-бақшасы бар немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары, ал 70 мыңға жуығы – мал, егін немесе балық шаруашылықтарымен айналысатын ауыл шаруашылығы құрылымдары.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы Қазақстанда 1 тамызда басталды. Бірінші, онлайн кезең 31 тамызға дейін жалғасады. Барлық санаттағы агро мекемелер санақтан sanaq.gov.kz сайтында өтуі тиіс. Екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін болады. Ол кезде интервьюерлер үй шаруашылықтарына барып, сауалнама жүргізеді.

Санақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – аграрлық саланың жай-күйі жайлы толық ақпарат жинау.

Барлық сұрақ бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1446 байланыс орталығына хабарласуға немесе sanaq.gov.kzсайтындағы чат-ботқа жазуға болады.

11 августа 2025
2025 жылғы қаңтар-маусым айларындағы демографиялық жағдай туралы

2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі халық саны 20 387 811 адамды құрады, оның ішінде қалалықтар – 12 899 438, ауылдықтар – 7 488 373 адам. 6 ай ішінде халық саны 104,4 мың адамға артты.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 161,2 мың сәби дүниеге келді, қайтыс болғандар саны – 64,6 мың адам. Осылайша, табиғи өсім 96,7 мың адамды құрады.

Ең жоғары туу деңгейі Түркістан облысында (1000 адамға шаққанда 21,94), Маңғыстау облысында (20,98) және Шымкент қаласында (20,63) тіркелді.

Ең жоғары өлім-жітім Солтүстік Қазақстан облысында (1000 адамға шаққанда 11,67), Шығыс Қазақстан (11,27) және Қарағанды (9,33) облыстарында байқалды, бұл аталған өңірлердегі халықтың жас құрылымымен байланысты.

Сондай-ақ, жарты жыл ішінде 51,4 мың неке мен 21,5 мың ажырасу тіркелді.

 

 

2025 жылғы қаңтар–маусым айларында елге келген адамдардың саны 11 267 адамды, ал елден кеткендер саны 3 518 адамды құрады. Көші-қон сальдосы оң болып, 7 749 адамға тең болды.

2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстаннан кеткен адамдар саны 49,5%-ға, ал келгендер саны 21%-ға азайды. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. ТМД елдерінен келгендердің үлесі – 82,2%, осы елдерге кеткендердің үлесі – 73,9% болды.

Еліміз ішінде қоныс аударушылар саны 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20,6%-ға артты. Аймақаралық көші-қон бойынша халықтың оң сальдосы еліміздің төрт өңірінде қалыптасты: Астана қаласында – 36 821 адам, Алматы қаласында – 16 934 адам, Шымкент қаласында – 10 838 адам және Алматы облысында – 5 500 адам.

 

Ішкі көші-қон

 
Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы