Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту бойынша кезекті жинақты шығарды (1-2 том). Жинақта салалар, жыныс және жас құрылымы бойынша жұмыспен қамту деңгейі жөніндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы динамикалық өзгерістерді көруге болады. Жинақтың екі томы stat.gov.kz сайтының «Ұлттық санақтар» – «Санақ 2021» бөлімінде орналастырылған.
Жұмыспен қамтылған халық саны 39% өсті
2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халық саны 9 188 мың адамды құрады, 2009 жылғы санақпен салыстырғандағы өсім – 39,2%.
Жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесі қалалық елдімекендерде – жұмыспен қамтылған халықтың 62,5% немесе 5,7 миллионнан астамы. 2009 жылы қалалардағы жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 57,1% немесе 3,8 млн адамды құраған. Жас тобы бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны 30-34 жас аралығында – 1 450 мың адам.
2009 жылғы санақ қорытындысымен салыстырғанда 2021 жылы жоғары білімі бар халықтың жұмыспен қамтылу үлесі 27,1%-дан 30,8%-ға дейін артты.
Жұмыспен қамтудағы әйелдердің үлесі 2009 жылғы 45%-дан 2021 жылы 48%-ға дейін немесе 1,4 млн адамға артты.
Салалар бөлінісінде жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ауыл шаруашылығында – 1,41 млн адам немесе жұмыспен қамтылған халықтың 15,3% (17,9% – 2009 жылы). Одан кейін көтерме және бөлшек сауда – 1,35 млн адам немесе 14,7% (12,9% – 2009 жылы). Жұмыспен қамту бойынша үшінші орынды өнеркәсіп саласы алады – 1 млн адам немесе 11,1% (11,5% – 2009 жылы).
Барлық жұмыспен қамтылған халықтың ішінде ерлердің ең көп үлесі немесе 17% ауыл шаруашылығында, ал әйелдер бойынша негізінен сауда саласында – 16%.
Келесі тақырыптық жинақ 13 қарашада жарияланады.
Анықтама: Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.
Бүгін еліміздің статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Бұл датаның маңызы ерек, өйткені 1920 жылы 8 қарашада Қазақ КСР-де статистика қызметі құрылған, бүгінде Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 103 жыл толып отыр.
Осы жылдар ішінде Қазақстанның статистикалық жүйесі халықаралық стандарттарға сай дамып келеді. Халықаралық ұйымдардың жан-жақты жүргізген бағалауының арқасында еліміздің статистикалық көрсеткіштері жоғары сапасымен және БҰҰ статистикасының іргелі қағидаттарына сәйкестігімен танылды. Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік статистика заңнаманы, нарықтық экономикаға бағдарланған статистика салаларын және халықаралық әдістемелерге сәйкестігін қоса алғанда, қазіргі заманғы статистикалық жүйенің барлық негізгі элементтерін қамтиды.
Кәсіби мерекеге орай Ұлттық статистика бюросы басшысының міндетін атқарушы Жасер Жарқынбаев сала қызметкерлері мен ардагерлерді құттықтап, алғыс хаттар мен мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.
Жасер Жарқынбаев өз сөзінде бюроның цифрландыру үрдісін атап өтіп, осы жұмыстың артында тұрған адамдарға ерекше назар аударды.
«Әр ұйымның өз дәстүрлері мен құндылықтары бар, олардың бірі – ардагерлерді құрметтеу. Мереке күні біздің еңбек сіңірген Статистика қызметкерлерімізді көргенімізге өте қуаныштымыз. Абыройлы еңбегіңіз үшін алғыс айтамыз. Бүгінгі таңда біздің ведомство цифрландыруға бет алды. Бүгін біз үлкен Demo day іс-шарасында жобаларымызды таныстырдық. Бұл жұмыстардың барлығын біздің құндылығымыз бен активіміз болып табылатын қызметкерлеріміз жүзеге асырады, сондықтан біз олардың кәсіби өсуі үшін қажет дүниенің бәрін жасаймыз. Статистикалық стандарттардың айырықша сақталуын қамтамасыз ету үшін әрбіреуіңізге мамандыққа адал болуыңызға тілектеспін», – деді Ж.Жарқынбаев.
Салтанатты шара барысында саланың дамуына қосқан ерекше үлестері үшін бірқатар қызметкер марапатталды. Адал еңбектері мен саланың дамуына қосқан үлесі үшін мамандар «Статистика үздігі» төсбелгісін, Құрмет грамотасын және алғыс хаттар алды.
Қазақстанның статистика күнінеорайластырылған «Demoday» іс-шарасы аясында Бюро Цифрлық транформацияның нәтижелерін таныстырды. Цифрлық трансформация жобаларының портфелі 71 жобадан тұрады және 2026 жылға дейін іске асырылады деп есептелген, оның 23-і ағымдағы жылы жасалды.
Цифрландырудың негізгі жобаларының бірі – цифрлық статистикалық тіркелімдер. Трансформацияның алғашқы жылында білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларында 3 цифрлық статистикалық тіркелім енгізілді. Мысалы, денсаулық жөніндегі тіркелім Денсаулық сақтау министрлігінің деректерін бірыңғай жүйеге біріктіруге және пациенттер, медициналық мекемелер, дәрілік заттар бойынша статистиканы, ал Білім беру тіркелімі – мектепке дейінгі оқыту, жоғары білім беру, «болашақтықтар» және т.б. бойынша деректерді бір жүйеде көруге мүмкіндік береді.Барлығы 13 қосымша цифрлық статистикалық тіркелімдерді құру жоспарланған.
«Статистикалық тіркелімдердің болуы неғұрлым егжей-тегжейлі статистиканы жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, оны облыстар, аудандар, экономикалық қызмет түрлері, меншік нысандары және басқа да бөліністе көрсетуге болады.Осылайша, біз мемлекеттік органдардың 150 дерек базасының және 3 000 астам анықтамалық пен классификаторлардың құрылымдарына талдау жасап, Smart Data Ukimet арқылы интеграциялау жұмыстарын жүргіздік. Тіркелімдер респонденттерге түсетін салмақты азайтуға септігін тигізеді», – деп атап өтті жобаны таныстырғанБюро басшысының орынбасары Жаннат Дүбірова.
Сондай-ақ іс-шара аясында «Ұлттық анықтамалық ақпарат» жобасының таныстырылымы өтті. Бұл – әртүрлі азаматтық қоғам ұйымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының анықтамалық деректерін құруға, құрылымдауға және басқаруға арналған кешенді жүйе. Жоба анықтамалық деректерді құруды, әртүрлі ұйымдардың деректерін салыстыруды қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді сақтаудың қауіпсіз әрі сенімді жүйесін құруды қоса алғанда, көптеген міндеттерді шешуге бағытталған.
Сонымен қатар «Demo day» аясында бюро инфляцияны есептеу үшін деректерді жинаудың жаңа әдістері, сондай-ақ әкімшілік деректердің сапасын тексеретін Дата-аудитор институтын құру туралы айтылды.
Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысы аясындағы білім беру саласы бойынша кезекті жинақты ұсынады. Ол stat.gov.kz сайтының «Ұлттық санақтар» – «Санақ 2021» бөлімінде орналастырылған. Жинақта білім беру деңгейі бойынша аймақ, жыныс және жас бөлінісіндегі деректер көрсетілген, сондай-ақ онда соңғы екі санақ арасындағы динамикалық өзгерістерді бақылауға болады.
Әр төртінші қазақстандықтың жоғары білімі бар
2021 жылғы санақ кезінде 3,7 млн адамның[1] жоғары білімі, 4,1 млн адамның[2] арнайы орта білімі, 4,9 млн адамның[3] орта білімі болды.
2009 жылғы санақпен салыстырғанда жоғары білімі бар халықтың үлесі 19,8%-дан 2021 жылы 27,6%-ға дейін өсті.
Өңірлердің ішінде жоғары білімі бар халықтың ең көп саны Алматы облысына тиесілі – 404,8 мың адам. Әрбір өңірдегі жоғары білімі бар халықтың үлесі бойынша Астана қаласы көш бастап тұр – елорда халқының 25,5% ЖОО бітірген.
Жоғары білімі бар ерлер мен әйелдердің үлесі бірдей. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда дипломы бар ерлердің үлесі 17,8%-дан 27,9%-ға дейін, әйелдердікі 21,6%-дан 27,3%-ға дейін өскен.
Жалпы 1000 адамға шаққанда университет дипломы бар 276 адамнан келеді, 2009 жылы бұл көрсеткіш 198 адам деңгейінде болды.
4,1 млн қазақстандықтың арнайы орта білімі бар
2021 жылғы санақ кезінде 4 167 мың қазақстандықтың арнайы орта білімі болған. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда олардың халық арасындағы үлесі 27,6%-дан 30,8%-ға дейін өсті.
Түркістан облысы техникалық және кәсіптік білімі бар халық саны бойынша да, өңірдегі арнайы орта білімі бар халық үлесі бойынша да көш бастаған – 8,9%.
120 мыңнан астам қазақстандықтың ғылыми дәрежесі бар
2021 жылғы санақ кезінде 120,8 мың қазақстандықтың жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болған. Олардың басым бөлігі (17,8%) 30-34 жас аралығындағылар.
Ғалымдардың жалпы санының 78% – магистр (96,9 мың адам), 3,6% – философия докторы (PhD), (4,5 мың адам), 13,5% – ғылым кандидаты (16,8 мың адам), 4% ғылым докторы (4,9 мың адам) дәрежесіне ие.
Қазақстан Республикасындағы халықты жұмыспен қамту жөніндегі келесі тақырыптық жинақ 9 қарашада жарияланады.
Анықтама: Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.
[1] ЖОО кейінгі білімді қоса алғанда
[2] Бастапқы кәсіби, техникалық кәсіби білімді қоса алғанда
[3] Жалпы және негізгі орта білім ескерілген
Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2023 жылғы III тоқсанда 350 542 теңгені құрады (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмағанда).
2022 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 16,9%-ды, нақты мәнде – 3,5%-ға өсті. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық мәні) 2023 жылғы IIІ тоқсанда бағалау бойынша 243 924 теңгені құрады.
2022 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғар өсімі ақпарат және байланыс – 28,8%, қаржы және сақтандыру қызметі – 24,9%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 20,7%, салаларында байқалды. Білім беруде орташа айлық жалақының өсуі 11%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 18,2% құрады.
Өңірлік бөліністе 2022 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақының ең жоғары өсімі Жетісу облысында тіркелді – 21,1%-ға. Ең төменгі өсім Алматы облысында байқалды – 8,5%-ға.
Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2023 жылғы III тоқсанда 2,4 есені құрады.
Бюро бүгіннен бастап «Qazdatathon» конкурсына өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлайды. Біз байқауға қатысуға әлеуметтік ғылымдар мен деректермен жұмыс істеу саласындағы студенттер мен зерттеушілерді шақырамыз.
Қатысушылар 2-ден 5 адамға дейін команда құрып, www.datathon.kz сайтында өтініш бере алады.
Өтінімдерді қабылдау 9 қарашаға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Одан кейін іріктеуден өткен барлық командаға халықтың өмір сүру сапасы бойынша синтетикалық (жасанды) деректер беріледі.
«Qazdatathon» жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен, соның ішінде ақшалай жүлдемен марапатталады.
Конкурс ережелері мен тіркеу шарттары жайлы толық ақпаратты www.datathon.kz. ресми сайтынан табуға болады.
* Байқау серіктестері – «El umiti» корпоративтік қоры, «Kazakhstan sociology lab» әлеуметтанушылар мектебі
Ұлттық статистика бюросы «2021 жылғы халық санағының» қорытындыларын жариялауды жалғастырып жатыр. Бүгін stat.gov.kz сайтында (Ұлттық санақтар бөлімінде) Қазақстан Республикасы халқының ұлттық құрамы, діні және тілдерді меңгеруі бойынша екінші тақырыптық жинақ жарық көрді.
Деректер барлық қажетті ақпаратты егжей-тегжейлі зерттей алатын тарап үшін құнды дереккөз болады.
Қазақтардың үлесі 70,4% дейін өсті
2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақтар саны 13,4 млн адамды құрады, 2009 жылдан бергі өсім – 33,7% (10 млн – 2009 ж.), жалпы халық санындағы қазақтардың үлесі 63,1%-дан 70,4%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ, саны көп ұлттар қатарына орыстар – 2,9 млн адам, өзбектер – 614 мың адам, украиндар – 387 мың адам және ұйғырлар – 290 мың адам кірді.
Қазақстанда тағы қандай этностар тұрады
Санақ қорытындысы бойынша еліміздегі этностар саны 124-ті құрады. Олардың арасында ливтер, вепсілер, орочтар, долгандар, даниялықтар, удэгейлер, цахурлар, мансылар, нанайлар, моңғолдар, селькуптер, чукчалар, ульта, нивхтер, ижорлар, кеттер, коряктар, қырымшақтар, нганасандар, саамдар, чувандар бар.
Айта кетейік, 2021 жылғы санақ раундының сауалнамаларына ұлтты «көрсетпеу» жауап нұсқасы қосылған. Осылайша, 24,8 мың адам өз ұлтын көрсетуден бас тартқан. Сондай-ақ 2021 жылы санақ кезінде «басқа ұлт» жауабын таңдағандар 47,5 мың адамды құрады, ал 2009 жылы мұндай адамдардың 8-і болған.
Алматы – полиглоттар қаласы
2021 жылғы халық санағы бойынша 5 жастан асқан халықтың 44,9% екі тілді, 28,6% – үш тілді меңгерген. Санақ қорытындысы бойынша тағы 1,7% 4 тілде сөйлейді, 5 тілді халықтың 0,2% біледі. 6 тілді білетін полиглоттардың үлесі 0,1% немесе 8 845 адамды құрады.
Қызықты дерек, ерлерге қарағанда 4-5 тілді меңгерген әйелдердің үлесі басым, сәйкесінше 47,9% және 52,1%. Бірақ 6 және одан да көп тілді білетін ерлер үлесі, керісінше, әйелдердің үлесінен асып түседі – 55,6%.
Өңірлік бөліністе 5 және одан да көп тілді білетін полиглоттар Алматы қаласында.
Бұл ретте 35,1% немесе 6 042,1 мың адам ағылшын тілін біледі, оның 27,6% – еркін сөйлейді.
Жас сегментінде ағылшын тілін білетіндердің үлесі 10-14 жас және 25-29 жас аралығында көп.
Қазақстандықтар қай дінді ұстанады
Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде исламды ұстанатын халықтың үлесі қатты өзгерген жоқ – 69,3%, христиан діні – 17,2%, буддизм мен иудаизм – 0,1%.
Еш дінге сенбейтіндер үлесі 2,8%-дан 2021 жылы 2,3%-ға дейін төмендеді.
Санақ қорытындысы бойынша респонденттердің 11% қандай да бір дінге қатысын көрсетуден бас тартқан. 2009 жылғы санақ кезінде мұндай бас тартқандардың үлесі 0,5% болған.
Қазақстан Республикасындағы білім беру жөніндегі келесі тақырыптық жинақ 6 қарашада жарияланады.
Анықтама: Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 19 967 964 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 387 957 адам, ауыл тұрғындары – 7 580 007 адам.
Жыл басынан бері халық өсімі 1,02% немесе 201,1 мың адамды құрады. Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана – 4,06% мен Алматы қалаларында – 2,28% және Маңғыстау облысында – 1,94%. Республикалық маңызы бар қалалардан басқа, тұрғындар саны миллионнан асатын аймақтар – Түркістан (2 137 694), Алматы (1 524 539), Жамбыл(1 221 976) және Қарағанды (1 135 601) облыстары.
Халықтың табиғи өсімі есебінен, яғни туу және қайтыс болу деректерін ескергенде, халық саны 194 753 адамға өсті. Көші-қон өсімі есебінен халық саны 6 404 адамға көбейді, бұл сальдоның оң екенін көрсетеді. Халықтың табиғи қозғалысы есебінен өсудің ең жоғары қарқыны Түркістан облысында байқалды, онда халық саны 34 097 адамға, Шымкент қаласында 19 242 адамға, Алматы облысында 18 251 адамға өсті.
Халық өсімінің аталған қарқынын ескерсек, 20 миллион адам көрсеткіші 2023 жылғы қарашада болады деп күтіліп отыр.
Тұтыну бағаларының айлық индексі 2023 жылғы қазанда 0,7% құрады (ағымдағы жылғы қыркүйекте – 0,6%). Ақылы қызметтер және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – әрбіреуі 0,8%-дан, азық-түлік тауарлары 0,5% өсті.
Ақылы қызметтер саласында тұрғын үйді жалға алудың бағалары – 2,3%, қонақ үйлердің қызметі – 2,2%, кешенді демалыстарды ұйымдастыру 2,1% өсті. Су бұруға тарифтер 3%, қоқыс шығаруға – 1,5% өсті.
Ағымдағы жылдың қазанында бағалардың өсуі тас көмірге – 2,3%, ағаш отынға 0,8% байқалды. АИ-98 маркалы бензин – 3,7%, АИ-95/96 бензин 1,5% қымбаттады. Баға теледидарға – 8,3%, ноутбукке – 6%, электр жылытқышқа 4,7% өсті. Бағаның төмендеуі жуу және тазалау құралдары бойынша байқалды – 0,6%.
Азық-түлік тауарлары арасында бағалар қызанаққа – 9,6%, жұмыртқаға – 5,5%, қиярға – 5,3%, ұнға – 4,3%, кондитер өнімдеріне – 1,3%, нанға 1,2% өсті. Бағаның өсуі темекі өнімдеріне – 2,1%, алкогольді сусындарға – 1,2%, минералды және ауыз суға 0,9% байқалды. Көкөністер – 1,8%, күнбағыс майы – 0,9%, жармалар 0,8% арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Шымкент қаласында – 1,1% (орташа республикалық деңгейден 0,4 п.т. жоғары), ең төменгі – Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында – әрбіреуінде 0,4%-дан тіркелді.
Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларының ең жоғары қымбаттауы – Шымкент қаласында – 1,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша – Маңғыстау облысында – 1,8%, ақылы қызметтер – Атырау облысында 2,5% өсті.
2023 жылғы қазанда жылдық мәнде инфляция деңгейі 10,8% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 10,4%, ақылы қызметтер – 11%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,1% өсті.
2022 жылғы қазанмен салыстырғанда қырыққабат 69,1%, күріш – 40,3%, жүзім – 46,7%, апельсин – 28,1%, сәбіз – 22,4%, консервіленген сүт 22% қымбаттады. Парацетамолға баға – 70%, ацетилсалицил қышқылына – 32,3%, йодқа 21,5% өсті. Дизель отыны – 35,1%, сұйытылған газ – 12,8%, тас көмір 12,6% қымбаттады. Қоқыс шығаруға тарифтер 32%, су бұруға – 27,6% өсті. Керісінше, жылдық мәнде қарақұмық жармасы – 20,1%, құмшекер – 16%, күнбағыс майы 16,2% арзандады.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары – барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
*2023 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 41,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 28,6% құрады.
Жыл сайынғы деректермен жұмыс істеу бойынша «Qazdatathon» республикалық байқауы 6 қарашада басталады!
Байқауға университет студенттерін, сонымен қатар әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеушілерді шақырамыз. Қатысушылар экономикалық теорияны терең түсінетін, әлеуметтану, саясаттану және басқа да әлеуметтік ғылымдарды білетін 2-5 адамнан тұратын команда құра алады.
Сонымен қатар, статистикалық қосымшаларды, бағдарламалау тілдерін және BI құралдарын білу – артықшылық болады. Қатысушыларға нақты деректер негізінде жасалған синтетикалық (жасанды) деректермен беріледі.
Бұл оларға шындыққа жақын жобаны жасауға және қорғауға мүмкіндік береді. Qazdatathon жеңімпаздары ынталандыру сыйлықтарымен, соның ішінде ақшалай жүлдемен марапатталады.
Байқау ұйымдастырушылары – СЖРА ҚР Ұлттық статистика бюросы мен «Ел үміті» корпоративтік қоры.
Байқау, ережелер және тіркелу туралы толық ақпаратты www.datathon.kz ресми сайтынан білуге болады.