14 қыркүйекте Сеул қаласында өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті аясында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Корея Республикасының Деректер және статистика министрлігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев пен Корея Республикасының Деректер және статистика министрі Ан Хенджун қол қойды. Меморандум екі ел арасындағы институционалдық әріптестікті одан әрі нығайтуға, озық білім мен тәжірибе алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ заманауи деректер мен ресми статистика саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.
«Біз бұл келісімді жай ғана ресми құжат ретінде емес, ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға, озық біліммен алмасуға және цифрлық экономиканың жаңа талаптарына жауап беретін заманауи статистикалық жүйені бірлесіп дамытуға жасалған маңызды қадам ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі статистиканы цифрлық трансформациялау болады. Тараптар жасанды интеллект пен үлкен деректерді статистикада қолдану, ақпараттың баламалы көздерін пайдалану, статистикалық талдау әдістерін жетілдіру, деректерді жинау және тарату үдерістерін цифрландыру, сондай-ақ заманауи ақпараттық жүйелерді дамыту бағыттарында өзара іс-қимылды жолға қоюды көздейді.
Қазақстан мен Корея арасындағы осы саладағы ынтымақтастықтың практикалық негізі қазірдің өзінде қалыптасқан. Ағымдағы жылдың маусым айында Ұлттық статистика бюросының делегациясы Корея Республикасына оқу сапарымен барды. Қазақстандық мамандар статистикада жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдану, деректерді жинау және таратуға арналған ақпараттық жүйелерді дамыту, сондай-ақ статистикалық және геокеңістіктік ақпаратты интеграциялау бойынша кореялық тәжірибені зерделеді.
Осылайша, қол қойылған Меморандум жинақталған тәжірибені сарапшылар мен білім алмасуды, бірлескен іс-шаралар мен зерттеулер өткізуді, сондай-ақ жаңа жобаларды әзірлеу мен іске асыруды көздейтін жүйелі ынтымақтастық форматына көшіруге мүмкіндік береді.
Қазақстанның кореялық тараппен халықаралық ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты академиялық қауымдастықпен байланысты. Бұған дейін Бюро Сеул ұлттық университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебімен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған болатын. Бұл әріптестік демография, статистика және қоғамдық денсаулық сақтау салаларында бірлескен зерттеулерді дамытуға бағытталған және Қазақстандағы демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының жұмысы үшін ерекше маңызға ие.
2026 жылғы тамызда Қазақстан Республикасында 166 547 автокөлік құралы есепке қойылды. Бір айда тіркелген көлік құралдарының жалпы санының 87,5%-ын жеңіл автомобильдер, 5,6%-ын жүк автомобильдері, 2,6%-ын тіркемелер, 0,8%-ын автобустар, 0,7%-ын мотоциклдер және 2,7%-ын өзге де автокөлік құралдары құрады.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында тіркелген автокөлік құралдарының жалпы саны 6 088,7 мың бірлікке жетті. Жалпы көлік паркінің құрылымында жеңіл автомобильдер – 5 105,4 мың бірлік (83,9%), жүк автомобильдері – 496,1 мың бірлік (8,1%), тіркемелер – 263,9 мың бірлік (4,3%), автобустар мен шағын автобустар – 89,5 мың бірлік (1,5%), мотоциклдер – 75 мың бірлік (1,2%), өзге де автокөлік құралдары – 58,7 мың бірлік (1%) болды.
Тамыз айында есепке қойылған жеңіл автомобильдердің құрылымында ең жоғары үлесті шығарылғанына 20 жылдан асқан автомобильдер құрады – 28%.
Тамыз айында тіркелген жеңіл автокөліктердің шығарылған жылдары бойынша бөлінісі төмендегідей:
3 жылға дейін – 40 513 бірлік (24,3%);
3 жылдан астам, бірақ 7 жылдан аспайтын – 12 986 бірлік (7,8%);
7 жылдан астам, бірақ 10 жылдан аспайтын – 6 011 бірлік (3,6%);
10 жылдан астам, бірақ 20 жылдан аспайтын – 39 646 бірлік (23,8%);
20 жылдан астам – 46 610 бірлік (28%).
Өңірлер бөлінісінде шығарылғанына 20 жылдан асқан жеңіл автомобильдер Алматы облысында – 6 254, Жамбыл облысында – 4 643 және Түркістан облысында – 4 559 бірлік тіркелді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 22,3%-ға артты.
Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы техникасын өндірумен айналысатын кәсіпорындар мен өндірістердің саны 40 бірлікті құрады. Өндіріс құрылымында негізгі үлес ауыл шаруашылығы машиналарына тиесілі – 72,5%.
2025 жылы елімізде 1 236 астық жинайтын комбайн өндірілді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 13,7%-ға жоғары. Комбайндар өндірісінің негізгі үлесі Ақмола облысына – 47,9%, Қостанай облысына – 32% және Солтүстік Қазақстан облысына – 18% тиесілі.
Өткен жылдың қаңтар-маусым айларында 9 астық жинайтын комбайн экспортталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 16 бірлікті құрады. Астық жинайтын комбайндардың негізгі экспорттық бағыттары Тәжікстан, Грузия және Өзбекстан болды. Өндірушілердің мәліметінше, алдағы кезеңде ауыл шаруашылығы техникасының экспорт көлемін одан әрі арттыру жоспарлануда.
2026 жылғы тамыз айында тұрғын үйді алып-сату бойынша 35 807 мәміле тіркелген. 2026 жылғы шілдемен салыстырғанда (37 158) мәмілелер саны 3,6%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 690 – 21,5%) және Астана (6 398 – 17,9%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 825 – 7,9%) көш бастап тұр. Ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген – 277 мәміле (0,8%).
2026 жылғы шілдемен салыстырғанда ең жоғарғы өсім Алматы (5,9%) қаласында, Қостанай (5,5%) және Қарағанды (5,1%) облыстарында тіркелді. Ең үлкен төмендеу Алматы (-21,1%), Атырау (-15,7%) және Жамбыл (-13,7%) облыстарында орын алды.
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 2026 жылғы шілде айымен салыстырғанда 3% (856 мәмілеге) азайды. 2026 жылдың тамыз айында пәтерлер бойынша барлығы 27 719 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,4%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (26%), Астана (22,6%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,4%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды – 10 806 мәміле.
2026 жылғы шілдемен салыстырғанда тамызда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 5,8% (495 мәмілеге) кеміді. Тамыз айында барлығы 8 088 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Қызылорда (7,8%), Қарағанды (6,3%) және Жетісу (2,7%) облыстарында тіркелді. Ең жоғарғы төмендеу Шығыс Қазақстан (-15%) облысында, Алматы (-14,6%) қаласында және Ақтөбе (-12,3%) облысында байқалды.
2026 жылғы тамызда тұрғын үйді алып-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 13,5% азайды (41 380-нен 35 807 мәмілеге дейін). Мәмілелер санының ең жоғары өсімі Түркістан (+9,8%) облысында байқалды, ең үлкен төмендеу – Астана (-32,3%) қаласында. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санын 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 4,3% төмендеу байқалды..png)
.png)
2026 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендегені байқалды.
Апта ішінде картоптың (-6,9%), пияздың (-5,9%), ақ қырыққабаттың (-5,1%), сәбіздің (-4,5%), алманың (-0,8%), нанның (-0,4%) және ірімшіктің (-0,3%) бағасы төмендеді.
Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, рожки, сүт және сүзбе бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлік бөліністе елдің бірқатар қалаларында дефляциялық динамика байқалды. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларының жалпы деңгейі Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында 0,1%-ға төмендеді. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы бір килограмына 156 теңгені құрады. Бұл ретте ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір килограмына 123 теңге.
Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы бір килограмына 227 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір килограмына 146 теңге.
Республика бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 217 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодар қаласында – 152 теңге және Қостанай қаласында – 184 теңге деңгейінде тіркелді.
Республика бойынша қызанақтың орташа бағасы бір килограмына 586 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – бір килограмына 347 теңге.
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір килограмына 3 819 теңгені, тауық етінің бағасы – 1 747 теңгені құрады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген тереңдетілген шолу нәтижелері бойынша қорытынды есепті жариялады. ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауына сәйкес, «қарастырылған бағыттардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы Ұйымның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді».
Бағалау ресми статистиканың сапасының негізгі параметрлері – дәлдік пен шынайылық, үйлесімділік, халықаралық стандарттарға сәйкестік, деректердің қамтылуы мен өзектілігі, уақтылылығы, қолжетімділігі және түсіндірілуі бойынша жүргізілді.
«Қарастырылып отырған пәндік салалардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы ЭЫДҰ-ның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді», – деп атап өтіледі қорытынды есепте.
ЭЫДҰ ұлттық статистикалық жүйені ауқымды жаңғыртуға және ресми статистиканы қалыптастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге ерекше назар аударды.
ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның негізгі жетістіктерінің қатарында мыналарды атап өтті:
- цифрлық статистикалық тіркелімдерді дамыту және оларды мемлекеттік органдардың деректерімен интеграциялау;
- әкімшілік деректерді белсенді енгізу және олардың сапасын арттыру;
- статистикалық ақпаратты жинау және өңдеу процестерін цифрландыру;
- фискалдық чектер мен мобильді позициялау деректері түріндегі баламалы дереккөздерді қолдану;
- дәстүрлі зерттеулерден цифрлық дереккөздерден алынған деректерді пайдалануға көшу есебінен респонденттерге түсетін жүктемені азайту;
- халық санағын жүргізудің тіркелімдік моделіне дәйекті түрде көшу;
- халықаралық статистикалық жіктеуіштерге, тұжырымдамалар мен әдіснамаларға сәйкестіктің жоғары деңгейі.
ЭЫДҰ-ның бағалауынша, Қазақстан жүргізіп отырған трансформация ресми статистиканы дамытудың қазіргі халықаралық үрдістеріне сәйкес келеді.
Реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – негізінен дәстүрлі зерттеулерге сүйенетін модельден әкімшілік, транзакциялық және өзге де баламалы деректерді интеграциялау негізінде қалыптастырылатын жаңа буын статистикасына көшу болып табылады.
Цифрлық статистикалық тіркелімдерді құру, жаңа дереккөздерді пайдалануды кеңейту және статистикалық процестерді цифрландыру ақпараттың жеделдігі мен сапасын бір мезгілде арттыруға, сондай-ақ бизнес пен азаматтарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен автоматтандыру технологияларын дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Олар үлкен көлемдегі деректерді өңдеу, аномалияларды анықтау, жіктеу, болжау және статистикалық өндірістің тиімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Тереңдетілген шолу 2023-2025 жылдары ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бастамасымен жүргізілді. Оның аясында ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанға үш рет жұмыс сапарымен келіп, ресми статистиканы қалыптастырудың құқықтық, институционалдық, әдіснамалық және технологиялық негіздерін егжей-тегжейлі зерделеді.
Шолу ұлттық статистиканың іс жүзінде барлық спектрін қамтыды – ұлттық шоттар, бағалар статистикасы және еңбек нарығы статистикасынан бастап кәсіпорындар статистикасы, сыртқы сауда, табыстарды бөлу, әл-ауқат және экологиялық-экономикалық есепке алуға дейін.
ЭЫДҰ-ның жоғары бағасы Қазақстанда статистиканы цифрлық трансформациялау, дереккөздерді кеңейту және ресми статистикалық ақпараттың сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелілігін растайды.
Ұлттық статистика бюросының халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етудегі маңызды кезең Қазақстанның 2025 жылы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылуы болды.
Қазақстан осы құжатқа қосылған ТМД-дағы алғашқы ел болды. Бұл құжат ресми статистиканың сапасы, сенімділігі, объективтілігі және ашықтығы саласындағы халықаралық бағдарларды белгілейді.
Қол жеткізілген прогреске жоғары баға берумен қатар, ЭЫДҰ сарапшылары ұлттық статистикалық жүйені одан әрі жетілдіру бағыттарын да белгіледі.
Атап айтқанда, мыналарды одан әрі дамыту ұсынылды:
- мемлекеттік сектордың берешегі статистикасын;
- құрылымдық статистиканы және кәсіпорындардың демографиялық статистикасын;
- экологиялық-экономикалық есепке алуды;
- кәсіпорындардың сипаттамалары бойынша бөліністегі сауда статистикасын.
Бұл ретте ЭЫДҰ аталған бағыттардың бірқатары бойынша Қазақстанның тиісті жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап өтеді, оның ішінде деректердің қамтылуы мен түсіндірілуін күшейту, метадеректерді сипаттау және неғұрлым терең детализациялау бойынша жұмыстар бар.
ЭЫДҰ ұсынымдары ұлттық статистикалық жүйені одан әрі дамыту барысында пайдаланылатын болады.
ЭЫДҰ-ның қорытынды есебі Ұйымның ресми сайтында қолжетімді: https://www.oecd.org/en/publications/oecd-reviews-of-national-statistical-systems-kazakhstan-2026_f7edbacb-en.html#executive-summary
«Statdatathon» конкурсы – деректер негізінде әлеуметтік-экономикалық, әдіснамалық мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін іздеу, сондай-ақ деректерді басқару мәдениетін және деректерге негізделген шешім қабылдау тәжірибесін ілгерілету мақсатында өткізілетін дата-жобалар сайысы.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық статистикалық комитетінің көмегімен Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы конкурсты ұйымдастырушы болып табылады. Конкурстың серіктестері – «El Umiti» корпоративтік қоры және «Alem.ai Foundation» корпоративтік қоры.
Конкурсқа жоғары оқу орындарының студенттері, әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеушілер, талдаушылар, бағдарламашылар және деректермен жұмыс істейтін басқа да мамандар шақырылады. Байқауға ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 18 жастан 35 жасқа дейінгі (қоса алғанда) азаматтары қатыса алады.
Қатысу үшін 2-ден 5 адамға дейін команда құру қажет, экономика және басқа да әлеуметтік ғылымдар саласындағы білім, сондай-ақ статистикалық қосымшалармен, бағдарламалау тілдерімен және BI-құралдармен жұмыс істеу дағдылары құпталады.
Конкурс екі бағыт бойынша өткізіледі:
Data to Policy – деректерді талдау, әлеуметтік-экономикалық заңдылықтарды анықтау және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін практикалық ұсынымдар әзірлеу.
AI for Official Statistics – ресми статистиканы жинау, өңдеу және талдау үшін жасанды интеллектіні қолдана отырып IT-шешімдер әзірлеу.
Жеңімпаздарды құнды сыйлықтар және өз әзірлемелерін ресми статистика, деректерді талдау және жасанды интеллект саласындағы сарапшыларға таныстыру мүмкіндігі күтеді.
Қосымша ақпарат datathon.stat.gov.kz. сайтында қол жетімді.
2026 жылғы қаңтар-маусым айларында өндірілген жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі, жедел деректер бойынша, 70 948 693,3 млн теңгені құрады.
Нақты мәнде ЖІӨ өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өсті.
Нақты мәнде ең жоғары өсім мына салаларда байқалды: құрылыс – 15,2%, өңдеу өнеркәсібі – 9,8%, көлік және қоймалау – 7,1%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 5,7%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 4,4%.
2026 жылғы қаңтар–маусым айларында ЖІӨ-дегі тауарлар өндірісінің және қызметтер өндірісінің үлесі тиісінше 36,4% және 55,4% құрады. ЖІӨ өндірісіндегі негізгі үлесті өнеркәсіп – 28,6% құрады.
ЖІӨ өсіміне ең жоғары үлесті өңдеу өнеркәсібі – 1,25 пт, көтерме және бөлшек сауда – 0,93 пт және құрылыс – 0,79 пт қосты.
2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.
Апта ішінде пияз – 7,2%-ға, сәбіз – 4,6%-ға, картоп – 3,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 3,1%-ға, алма – 1%-ға төмендеді.
Өңірлер бөлінісінде еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеді.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, килограмына 135 теңге деңгейінде тіркелді.
Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы килограмына 238 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – килограмына 155 теңге.
Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 234 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодарда – 169 теңге және Қостанайда – 183 теңге деңгейінде қалыптасты.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында тіркелді – килограмына 315 теңге.
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 804 теңгені, тауық етінің бағасы 1 746 теңге деңгейінде тіркелді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы Ресей Федерациясының Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің (Росстат) бейінді басқармаларының басшылары бастаған делегациясын қабылдады. Екі күндік жұмыс сапары 2025-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы аясында өтті.
Кездесулер барысында кадрлық әлеует пен корпоративтік мәдениетті дамыту, ресми статистиканы танымал ету және статистикалық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ статистикалық деректердің сапасын қамтамасыз ету тәсілдерін жетілдіру мәселелеріне баса назар аударылды.
Жұмыс кездесуін аша отырып, Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Фархат Қалиев екі статистика ведомствосы арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз статистика ведомстволары арасында қалыптасқан кәсіби диалогты, тәжірибе алмасуға деген ашықтықты және практикалық шешімдермен бөлісуге дайындықты жоғары бағалаймыз. Мұндай кездесулер тек білім мен озық тәжірибелер алмасуға ғана емес, сондай-ақ ұжымдарымыз арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Фархат Қалиев.
Сапар аясындағы жұмыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізілді.
Бірінші бағыт кадрлық әлеует пен корпоративтік мәдениетті дамытуға арналған. Тараптар кәсіби құзыреттерді дамыту, тиімді командаларды қалыптастыру және қызметкерлердің кәсіби өсуіне қатысты тәсілдерді талқылады.
Екінші бағыт – ресми статистиканы қоғамға кеңінен таныстыру және халықтың статистикалық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында деректерді пайдаланушылармен байланыс орнату, ақпаратты тиімді жеткізу және статистикалық мәліметтерді тарату бағытындағы тәжірибелер талқыланды.
Үшінші әрі негізгі бағыт ресми статистикалық деректердің сапасын қамтамасыз етуге арналған. Тараптар сапаны басқару тәсілдерін қарастырып, тиісті процестерді жетілдіру бойынша практикалық шешімдермен алмасты.
Бюро мен Росстат арасындағы ынтымақтастық жүйелі сипатқа ие. Жол картасын іске асыру шеңберінде екі ведомствоның мамандары еңбекақы статистикасы, ауыл шаруашылығы санағын өткізу, құрылыстағы баға индексін қалыптастыру, халықтың тұрмыс деңгейі көрсеткіштері және басқа да бағыттар бойынша бірқатар онлайн-консультациялар мен жұмыс кездесулерін өткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы екі жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын нақтылап, ресми статистика саласындағы әдіснамалық тәсілдер мен практикалық шешімдер бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруды жоспарлап отыр.