Астанада Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналиннің басшылығымен Қазақстан Республикасының аумағында 2025 жылы өтетін ауқымды халықаралық спорттық іс-шараларға дайындық және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті.
Жиынға Астана, Алматы қаласы және Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, сондай-ақ спорт федерациялары мен бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысты.
Талқылау барысында Шымкентте өтетін теңге ілу бойынша әлем чемпионаты, үстел теннисінен WTT Youth Contender Almaty халықаралық турнирі, дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі, қазақ күресінен ересектер арасындағы "Сарыарқа батырлары" Азия Кубогы сияқты іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ ауыр атлетикадан ұлдар/қыздар санаты бойынша жасөспірімдер/жастар арасындағы Азия чемпионаты, садақ атудан "Астана Гран-приі" халықаралық турнирі және Астанадағы ерлер мен әйелдер арасындағы бокстан Әлем Кубогы және басқа да халықаралық жарыстардың дайындық жұмыстары да пысықталды.
"Қазақстан аумағында өткізілетін әрбір халықаралық жарыс ұйымның ең жоғары стандарттарына сәйкес келуі тиіс. Жоспарланған іс-шараларды сәтті өткізу үшін барлық тартылған ведомстволар мен құрылымдардың іс-қимылдарын тығыз үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды. Министрлік бұл процесті ерекше бақылауда ұстауда", - деді комитет төрағасы Руслан Есеналин.
Жиын қорытындысы бойынша дайындықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ету, халықаралық федерациялармен өзара байланысты нығайту және іс-шараларды іске асырудың барлық кезеңдерін тиімді үйлестіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.