Қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров WT President's Cup халықаралық турнирінің күміс жүлдегері атанды

Қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров WT President's Cup халықаралық турнирінің күміс жүлдегері атанды

Қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров Қытайда өтіп жатқан World Taekwondo President's Cup — Asian Region (Дүниежүзілік таеквондо федерацисы Президентінің кубогы – Азия аймағы) жарысының күміс жүлдегері атанды. Ол финалда атақты таеквондошы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының және Гран-при кезеңдерінің екі дүркін жеңімпазы Джунг Джанмен (Оңтүстік Корея) кездесті.

63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын абыроймен қорғаған отандасымыз жарыс барысында барлығы төрт кездесу өткізді. Алғашқы кездесуінде ол қазақстандық Дулат Абдималикті, ширек финалда тайваньдық Хуанг Чо Ченгты сенімді түрде жеңді. Жартылай финалда Самирхон Оңтүстік Корея өкілі Жанг Жабинді жарыс жолынан ығыстырған болатын.

Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының аталмыш турнирдегі үшінші медалі. Жарыстың алғашқы күнінде Батырхан Төлеуғали (-80 кг) мен Азиза Каражанова (-53 кг) қола жүлдені қоржынға салған болатын.

Сондай-ақ, бұл жеңіс Қазақстанға 2026 жылғы Азия чемпионатына қатысу үшін қосымша жолдама иеленуге мүмкіндік береді.