Астанада «Израиль – Қазақстан – 2025» ынтымақтастық форумы өтті

Астанада «Израиль – Қазақстан – 2025» ынтымақтастық форумы өтті

Ел астанасында Израиль мемлекетінің өңірлік ынтымақтастық министрлігінің қолдауымен «Израиль – Қазақстан – 2025» ынтымақтастық форумы өтті. Шараның мақсаты – екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту және салааралық өзара іс-қимылды дамыту.

Форумда сауда, инвестиция, білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясаты, спорт, су ресурстары, ғылым және мемлекеттік басқаруды цифрландыру салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасының Израиль мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі Дәулет Ембердиев, Израильдің өңірлік ынтымақтастық министрлігінің бас директорының орынбасары Эяль Элиэзер, мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелер мен спорт ұйымдардың, оның ішінде Туризм және спорт министрлігі, Білім министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері болды.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің атынан Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин құттықтау сөзін арнады:

««Израиль – Қазақстан – 2025» ынтымақтастық форумы – достық пен әріптестікті нығайту жолындағы диалог пен білім алмасу алаңы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мұндай кездесулер екіжақты қатынастарды дамытуға деген ортақ ұмтылысты айғақтайды. Бүгінгі диалог тәжірибе алмасу мен келешегі зор бастамаларды іске қосуға жол ашады».

Руслан Есеналин спорт саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударып, екі ел арасындағы тұрақты дәстүрлі байланыстарды атап өтті және 1995 жылғы үкіметаралық келісімді еске салды. Аталған келісім спорттық байланыстарды нығайтудың құқықтық негізіне айналған.

Израильдің өңірлік ынтымақтастық министрлігінің бас директорының орынбасары Эяль Элиэзер ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті:

«Қос елдің арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Біз білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым мен технология салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан – өңірдегі стратегиялық әріптесіміз».