
Сауд Арабия патшалығының Аль-Ула қаласында ат үстінде садақ атудан (жамбы ату) әлем кубогінің финалдық кезеңі өтті. Аталған жарысқа жамбы атудан Қазақстан құрамасынан 3 спортшы қатысып, жалпыкомандалық есепте II орынға ие болды. Ұлттық құрама: Ералхан Айкөз, Абзал Тұлыбеков, Айтбек Сарыбай. Бас бапкер: Елдос Бадашев
Әлемнің ең мықты садақшыларының басын қосатын айтулы бәсеке 2 жылда бір рет өтеді. Оған дейін жер шарының түкпір-түкпірінен іріктеу сындар өтіп, ең үздік 11 командаға жолдама беріледі. Біздің құрама өткен жылы Түркияда өткен турнирде жолдама жеңіп алған болатын.
Биылғы бәсекеге іріктелген 11 ел: АҚШ, Канада, Тайланд, Кувейт, Монғолия, Иран, Индонезия, Сирия, Түркия, Сауд Арабиясы, Қазақстан қатысты.
Әлем кубогінің финалдық кезеңі халықаралық ат үстінде садақ ату федерациясының (WHAF) біріңғай ережесімен өтті. Ережеге сәйкес, командалар әуелі соқыр жеребе арқылы топтарға бөлініп, аттар таңдалды. Жеребе арқылы түскен аттарға мініп, сайыс алдындағы соңғы дайындықтары пысықталды.
Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеде жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Турнирдің бірінші күні kassai (мажар) стилі бойынша сынға түсті. Бұл стилде жалғыз нысана жарыс жолының ортасында тұрады. Төрешінің қозғауымен нысана спортшының тарапына қарай ауысады. Бұл кезеңде қанша оқ атса да мергеннің өз еркі. 20 секунд ішінде 100 метр қашықтықты шауып өтсе болғаны. Мұнда 9 айналымдағы ұпай сандары есепке алынады.
Мажар стилінде жекелеген сында Айтбек Сарыбай үшінші орынға ие болды. Командалық есепте де үздік үштікті түйіндеді.
Екінші күні serial shot (корей) стилі бойынша жарыс болды. Бұл стилде үш нысана қойылады. 100 метр қашықтықты шауып өту үшін 12 секунд уақыт беріледі. Тағы бір ерекшелігі спортшы тек 3 оқ атуға мүмкіндігі бар.
Үшінші күні Qabaq (түрік) стилінен мергендер сынға түсті. Жарыс жолына шыға берісте жерге қойылған бір нысананы көздеп, қақ ортадағы 8 метр биіктікте орналасқан қабақты атып кеткен спортшы көп ұпай жинайды. Бұл сынға берілетін уақыт небәрі 10 секунд.
Түрік стилі бойынша да құрама үшін орынға тұрақтаса, жекелей сында Ералхан Айкөз екінші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ, үш стилдің қорытындысы бойынша да Ералхан қола жүлдеге ие болды. Бұл жарыстың ерекшелігі сол, негізгі жүлде жалпыкомандалық есеп бойынша беріледі.
1-орын: Сауд Арабиясы – 1490 ұпай
2-орын: Қазақстан – 1045 ұпай
3-орын: Түркия – 1010 ұпай.
Айта кетейік, Жамбы атудан қазақстан құрамасы 21.12.2023 (таңғы) 4:00-де Алматы әуежайына келеді.