«Жақында кезекті рет азаматтарды қабылдау өткіздім. Министрлік қызметіне қатысты ұсыныстар мен өзекті мәселелерді тыңдадым. Бізге жуырда ғана Азия пара ойындарына қатысқан спортшылар келіп, спорттық нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар ұсынысын айтты.
Министрлік алдағы уақытта оқу-жаттығу жүйесіне талдау жүргізіп, дайындық сапасын жақсартуға бағытталған шараларды қарастырады. Әрі қарай жекеменшік спорттық ұйым өкілдері бүгінде сәтті жүзеге асып жатқан бірнеше жобасын таныстырды.
Мәселен, JKFL – жекеменшік футбол мектептері лигасы. Бұл футбол турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалар қатысады. Өткен біріншілікке 367 команданың 4500-ден астам спортшысы жиналған. Сондай-ақ ұйымдастырушылардың «Аула лигасы» және «Ауыл лигасы» сияқты жобалары бар. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – бұқаралық спортты балалар, оқушылар мен футболға әуес адамдар арасында насихаттау. Жоба жетекшілері «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңмен әуесқой спорты толық реттелмегенін атап өтті. Қазіргі таңда спорт саласы туралы жаңа заң жобасын ашық талқылау жүріп жатыр.
Мен белсенді азаматтарды заң жобасын талқылауда бірлесіп жұмыс істеуге шақырдым. Сонымен қатар өңірлік спорттың дамуына бей-жай қарамайтын, спортпен айналысу үшін жастарға жағдай жасап жүрген жомарт азаматпен кездестім. Әңгіме барысында ол өзінің ниеттес әріптестерімен бірге жеке қаражаттарына салған ауылдарындағы спорт нысандары туралы айтып берді.
Жалпы, шалғай ауылдарда сапалы спорттық инфрақұрылым салу – спортты дамытатын негізгі қадамдардың бірі. Мен мұндай бастамаларды қашанда қолдаймын. Спортпен шұғылдану бәріне және барлық жерде қол жетімді болуы керек»,- деп жазды министр өзінің Telegram каналында.