Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Польшаның Быдгощ қаласында өткен ІХ командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық ойыншылар Грузияға жол берді. Алғашқы раундта грузиялықтар 2½-1½ есебімен алға шыққан. Сосын, 2-айналымды да өз пайдасына аяқтады (3½-½).
Команда сапында Бибісара Асаубаева, Әмина Қайырбекова, Меруерт Камалиденова мен Алуа Нұрманова өнер көрсетті.
Бұл Павел Коцур баптайтын Ұлттық құраманың бәсекедегі алғашқы жеңілісі. Осыған дейін Қазақстан топтық кезеңде Грузиямен тең түсіп (2-2), қалған қарсыластың бәрін ұтқан.
Бүгін Қазақстан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында жүлде алған 6 мемлекеттің біріне айналды. Қазақстанның бұған дейінгі ең жақсы нәтижесі ширек финал еді.
Ал Грузия осымен 2-рет әлемдік доданың алтынына қол жеткізіп, бұл көрсеткіш жағынан Ресеймен теңесті.
Қазір қола медаль үшін АҚШ пен Франция құрамасы таласып жатыр. Алғашқы раунд 2-2 аяқталған.