Дәурен Абаев: Кітапханалар заманауи цифрлық құралдарға қол жеткізу қажет

Дәурен Абаев: Кітапханалар заманауи цифрлық құралдарға қол жеткізу қажет

Кітапханалар оқырмандарға қолайлы жағдай жасап, заманауи цифрлық құралдарға қол жеткізуді қамтамасыз етуі және кітап қорын байытуы қажет. Бұл туралы Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты.

Ол алдымен М. Ломоносов атындағы орталық қалалық кітапхананың жұмысымен танысты. Кітапхана қорында шамамен 28 мың кітап бар.

Министр сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барды. Жаңа орталықта бассейн, үстел теннисін ойнауға арналған зал және әмбебап спорт залы қолжетімді болады. Нысанның құрылысын 2022 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.

Дәурен Абаев инвестициялар тартуға ықпал ететін және өңірді халықаралық нарықта және ел ішінде ілгерілетумен айналысатын Visit Aktobe туристік ақпараттық орталығының жұмысымен де танысты. Министрге туристік инфрақұрылымды жақсарту және салаға шетелдік инвесторларды тарту жоспарлары туралы хабарланды.

Сондай-ақ Дәурен Абаев республикалық маңызы бар «Абат Байтақ қорымы» ескерткіші мен облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында болды.

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ақтөбе облысында халықпен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Сол сияқты министр Baqytty Bala – 2022 ІV ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауының қатысушыларымен кездеседі.