Бүгін, Польша астанасы Варшава қаласында жылдам (рапид) шахматтан әлем чемпионаты аяқталды. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша 17 жастағы атақты қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева 2-орынды иеленіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Шешуші партияларда Бибісара грузиялық шахматшы - гроссмейстер Нану Дзагнидзені, өз отандасы Әсел Серікбайды жеңіп, чемпионаттың жеңімпазы халықаралық гроссмейстер Александра Костенюкпен тең ойнады.
Биыл Б.Асаубаева әйелдер арасындағы онлайнда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетті. Ол Қазақстан Республикасы құрамасының құрамында Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында әлемнің ең мықты топ-8 командаларының қатарына кірді және көптеген халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Айта кетейік, ертең, 30 желтоқсанда блиц ойыны бойынша Әлем чемпионаты аяқталады. Жарысқа қазақстандық 7 шахматшы қатысады.