ТМД елдері ойындары аяқталды

ТМД елдері ойындары аяқталды

Бүгін алғаш рет ұйымдастырылған ТМД елдері ойындары мәресіне жетті. 4-11 қыркүйек аралығында Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында 16 спорт түрінен 184 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.

Аталған 16 спорт түрінің 10-ы олимпиада бағдарламасына кіреді. Олар: бадминтон, баскетбол 3х3, бокс, стенд ату, дзюдо, каратэ, үстел теннисі, оқ ату, көркем гимнастика, күрес (грек-рим, еркін және әйелдер. Қалған 6-ауы (самбо, тай боксы, би спорты, шағын футбол, корэш, белбеу күрес) олимпиаладық емес спорт түрі. Барлығы 10 мемлекеттен 14-23 жас аралығындағы 1139 спортшы жүлдеге таласты.

Қазақстан делегациясы 14 спорт түрінен 150 атлетті сынға қосты. Сонымен қатар делегация құрамында 37 бапкер мен 12 төреші барды.

Қазақстан құрамасы 18 алтын, 35 күміс, 53 қола (барлығы 106) медальмен жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеді. Ресей 114 алтын, 42 күміс, 59 қоламен (барлығы 215) бірінші, Өзбекстан 23 алтын, 32 күміс, 36 қоламен (барлығы 91) екінші орын алды. Ал барлық жүлде саны бойынша Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында тұр. Сонымен қатар 15 алтыны бар Әзірбайжан төртінші, 8 алтынмен Беларусь бесінші сатыға тұрақтады.

Айта кетейік, ТМД елдері арасындағы спорт және дене шынықтыру саласындағы әріптестік аясындағы кеңес ұйымдастырған бұл ойындары былтыр өтуге тиіс болған. Алайда пандемия салдарынан бір жылға кейінге шегерілді.

Алғашқы ТМД елдері ойындарына спортшы аттандырған мемлекеттер: Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Молдова, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина, Ресей Федерациясы. Сондай-ақ ойындар кезінде 1 200 волонтер (ерікті) мен 460 төреші қызмет көрсетті.