Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев, Олимпиада чемпионы, Токиодағы олимпия ойындарында ту ұстаушы Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакованың қатысуымен ел спортшыларының Токиодағы XXXII жазғы Олимпиадаға дайындығына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Мәдениет және спорт министрі Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиадаға ел спортшылары 27 спорт түрінен 96 жолдама алғанын, ұлттық құрама командалары спортшыларын даярлаудың шешуші кезеңіне жеткенімізді атап өтті.
«Токиодағы XXXII жазғы Олимпиада 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Айта кетейік, былтыр коронавирус пандемиясына байланысты төрт жылдықтың басты додасы бір жылға кейінге шегерілген еді. Бүгін Олимпиаданың басталуына тура 21 күн қалды. Біздің спортшылар үшін Олимпиада қарсаңындағы маңызды сәттің бірі - ел Президентінің Олимпиада құрамасының ту ұстаушысына Мемлекеттік Туды салтанатты тапсыру рәсімі. Биыл Халықаралық олимпиада комитеті гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыру үшін ашылу салтанаты кезіндегі құрамалар шеруінде екі ту ұстаушы болады деп шешім қабылдады. Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада делегациясының мүшелерімен кездесіп, Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпаковағаел туын табыс етті. Қазір Қазақстан еншісінде 27 спорт түрінен 96 лицензия бар.
Пандемияға қарамастан ел Үкіметі тарапынан спортшылардың сапалы дайындалып, сәтті өнер көрсетуі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Сонымен қатар Ұлттық Олимпиада комитетімен, федерациялармен бірге Халықаралық Олимпиада комитеті, ұйымдастыру комитеті барлық санитария-эпидемиологиялық талабын сақтау бойынша кешенді шара қабылдады.
Жалпы Олимпиада Токиодағы 42 спорт кешенінде өтеді. Осы жолы бағдарламаға 3х3 баскетбол, бейсбол/софтбол, каратэ-до, серфинг, құзға өрмелеу және скейтбординг сынды жаңа спорт түрі енгізілген. Барлығы 205 елден атлет күш сынасып, 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады»,-деді министр.
Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова салыстырмалы түрде төрт жыл бұрынғы жазғы олимпия ойындарына тоқталып кетті.
«Рио-де-Жанейро қаласында (Бразилия) өткен ХХХІ жазғы Олимпиадада Қазақстан құрамасы спорттың 26 түрінен 104 спортшы (104 лицензия) апарған еді. Нәтижесінде 3 алтын (Данияр Елеусінов (бокс) салмақ дәрежесі 69 кг., Нижат Рахимов (ауыр атлетика) салмақ дәрежесі 77 кг., Дмиртий Баландин (жүзу)– 200 м. брасс, 5 күміс (Әділбек Ниязымбетов салмақ дәрежесі 81 кг., Левит Василий 91 кг – бокс, Жаппаркул Жазира – 69 кг (ауыр атлетика), Елдос Сметов -60 кг (дзюдо), Гузель Манюрова – 75 кг (әйелдер күресі),, 10 қола (Дариға Шәкімова - 75 кг (әйелдер боксы), Иван Дычко салмақ дәрежесі +91 кг. (бокс), Харки Фархад - 62 кг. Горичева Карина - 63 кг, Зайчиков Александр 105 кг. Денис Уланов 85 кг. (ауыр атлетика), Галбадрах Отгонцецег - 48 кг. (дзюдо), Сыздыкова Эльмира - 69 кг. Ларионова Екатерина - 63 кг. (әйелдер күресі), Ольга Рыпакова үш реттік секіру (жеңіл атлетика) жеңіп алған»,-деді.