Елбасы кітапханасында «Қазақстан мақтаныштары» жобасы аясында еліміздің спорт жұлдыздарымен кездесу өтті

Елбасы кітапханасында «Қазақстан мақтаныштары» жобасы аясында еліміздің спорт жұлдыздарымен кездесу өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Елбасы кітапханасының «Қазақстан мақтаныштары» атты бірлескен жобасы аясында еліміздің спорт жұлдыздарымен кездесу өтті.

Биыл 8 наурызында «Болашақ» халықаралық бағдарламасының 30 үздік түлегімен өткен интерактивті кездесуден бастау алған іс-шараның мақсаты - дене шынықтыру мен спортты кеңінен насихаттау, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Кездесу кезінде Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев пен Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Жиынға С.Сәпиев, Ю.Мельниченко, И.Ильин, А.Юсупова, Б.Жұмаділов, Д.Нортаев, М.Мекенбаева, Г.Манюрова, Д.Петрухин, мемлекет және қоғам қайраткерлері, спорт және мәдениет саласының өкілдері қатысты.

«Қазақстанның мақтанышы» жобасы ел мақтанышына айналған дарынды отандастарымыздың өмір жолымен таныстыруға бағытталған.

Осыдан кейін Олимпиада чемпиондары мен еліміздің атақты спортшылары жеке заттарын Елбасы кітапханасының музейіне сыйға тартты.

Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев қызының Әлем чемпионатында киіп шығып, төрттік сальхов әдісін жасаған конькиін табыстады. Серік Сәпиев 2009 жылы Әлем чемпионатына киіп барған спорт киімін, Юрий Мельниченко іс-шара ұйымдастырушыларына карьерасында жеңіп алған көптеген кубоктің бірін сыйлады. Ал Әлия Юсупова халықаралық турнирде жеңіп алған медалін, өнер көрсеткен таяқшасы бар лентаны, ауыр атлет Илья Ильин 2014 жылы жеңіп алған алтын медалін, Данияр Елеусінов бокс қолғабын, Гүзел Манюрова спорт киімін, Бейбіт Ыстыбаев 2015 жылы Елбасы тапсырған белбеуін, Мөлдір Мекенбаева 2019 жылы Моңғолияда өткен Азия чемпионатының медалін, Дархан Нортаев Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының атынан Әлем чемпионатының Кубогын тапсырды. Сонымен қатар Қазақстан байкерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Петрухин түрлі жеке жүлделерін музейге тарту етті.

Іс-шарада күш қолданатын спорт түрлері бойынша төрт дүркін әлем рекордсмені, Гиннесс кітабының және алты мәрте Қазақстан рекордсмені, Сергей Цырульников өнер көрсетті.

Бүгінгі таңда спорт пен спорт жетістіктері әлемдік өркениет пен мәдениеттің ажырамас бөлігі екені анық. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан спортшылары түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда 60-тан астам олимпиада және 700-ге жуық халықаралық жарыста жүлдеге қол жеткізген.