Тазы және төбетті материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр

Тазы және төбетті материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу бойынша жұмыс жүріп жатыр

Қазір ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы жанындағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет тазы мен төбет номинациясын материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Бүгінде елімізде «Қансонар» және «Тазы-Төбет-Бөрібасар» қоғамдық бірлестігі тұрақты қызмет етеді. Жарғылық мақсаттарына сәйкес «Қаңсонар» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасында ұлттық және аңшылық ит өсіруді дамыту бойынша жұмыс жүргізеді.

Бастапқыда қауымдастықтың барлық өкілдігінде иттердің ұлттық және аңшылық тұқымдарын тіркеу және есепке алу жүргізіледі, оларға «итті тіркеу туралы куәлік» беріледі. Бүгінде тазыға 644, төбетке 8 куәлік берілді.

Сондай-ақ иттердің барлық аңшылық тұқымы үшін асыл тұқымды байқаулар, көрмелер және далалық сынақтар өткізіледі. Оң баға алған және мәлімделген тұқымның стандартына сәйкестігін растаған иттер үшін курсинг (жүгіру) өткізіледі. Барлығы 1750 бас аңшылық ит тексерілді, оның ішінде 1351 тазы мен 171 төбет тиісті куәлік ала алады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тазы және төбеттің қазақ тұқымдарын насихаттау мақсатында 2020 жылғы 15 қыркүйекте мемлекеттік құрылымдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен онлайн кеңес өткізді.

Онлайн кеңес барысында «Тазы-төбет-бөрібасар» федерациясының президенті негізгі мәселелерді атап өтті, оларды шешу тазы мен төбеттің қазақ тұқымдарының дамуына жаңа серпін береді.

«Тазы-төбет-бөрібасар» федерациясының негізгі міндеті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінде спорт түрі ретінде танылғандығы және аккредиттелгені туралы құжаттарды алу.

Аккредиттеуден өту Министрлікпен және облыстар мен қалалардың әкімдіктерімен заңды негізде бірлескен жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Спорт мектептері мен ұйымдарында бөлімдер мен секциялар ашу, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру және т. б. Жұмыс тобы құрылды, оған Мәдениет және спорт министрлігінің, Экология министрлігінің, Туризм индустриясы комитетінің, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының өкілдері, өңірлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді.