Ұлттық музейде Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен кездесу өтті

Ұлттық музейде Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен кездесу өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен ҚР Ұлттық музейдің бірлескен «Спорт батырлары» жобасы аясында грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен кездесу өтті.

Іс-шара кезінде даңқты балуан жеке заттарын ҚР Ұлттық музей қорына тапсырды. Бұл қатарда VII Қысқы Азия ойындары Алауэстафетасы алаугерінің сертификаты, Алау тұғыры мен арнайы алтын медаль бар.

Іс-шараның мақсаты – салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау, жастардың арасындабұқаралық спортты дамыту, Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғаларға тиесілі бірегей мәдени құндылықтар мен тарихи заттарды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа дәріптеу.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Спортты дамыту дирекциясы» директорының орынбасары Еркеғали Корбозов, «Спортты дамыту дирекциясы» спорт іс-шараларын өткізу және ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Владислав Есипов, күш қолданатын спорт түрлері бойынша төрт дүркін әлем рекордсмені, Гиннесс кітабының және алты мәрте Қазақстан рекордсмені, Сергей Цырульников қатысты.

Кездесу барысында Олимпиада чемпионы  спорт мектебі оқушыларының сұрақтарына жауап беріп, жеңіске жету жолында аянбай еңбек ету керек екенін жеткізді.

Айта кетейік, Юрий Мельниченко - Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, Азияның 2 дүркін чемпионы (1996, 1997), Азия ойындарының чемпионы (Хиросима, 1994), 57 килограмға дейінгі салмақта XXVI Олимпия ойындарының чемпионы (Атланта, 1996), Әлем чемпионы (1994, 1997), Грек-рим күресінен ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (1994).

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. 2004 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды.