Қажымұқан көтерген тас

Қажымұқан көтерген тас

Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби спортшы-палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына байланысты жуықта Мәдениет және спорт министрлігі іс-шаралар жоспарын бекітуде. Осы құжатта: «Бұл шара «Қажымұқан Мұңайтпасұлының тұлғасын дәріптеуге, ұлықтауға бағытталған ұйымдастыру-дайындық, мәдени, бұқаралық-спорттық, халықаралық, ақпараттық-имидждік іс-шараларды қамтиды» делінген. Осы орайда, күш атасына қатысты деректерді жаңғыртуды жөн көріп отырмыз.

Мысалы,  Павлодар облысы, Баянауыл ауданы орталығындағы Қаныш Сәтбаев мұражайының алдында  салмағы бір тонна мөлшерінде  таудың сұрғылт тасы тұр. Бұл баянауылдықтар үшін ерекше құрметке ие. Жұрт оны «Қажымұқан тасы» деп атап, атақты палуанның Баян өңіріндегі ескерткіші ретінде қадірлейді.

Қажекең бұл тасты досы Субек ұста Қуанышбайұлына сыйға тартқан. Оқиғаның мән-жайы туралы бұған дейін көрнекті қаламгерлер Қалмұқан Исабай мен Зейтін Ақышев мерзімдік басылымдар арқылы ел-жұртты құлағдар еткенін білеміз. Әсіресе Қалмұқан ағаның ұсынысымен Субек ұстаның ескі жұртында жатқан тасты 1991 жылдың күзінде жергілікті «Қазақ тілі» қоғамы әспеттеп ескерткішке айналдырады. Соңынан 2001 жылы көпшіліктің қалауы бойынша аудан орталығына жеткізілген.

Енді Субек ұста кім? – дегенге тоқталатын болсақ, Сүкең ауыл, аймағына танымал шебер, ұста болған адам. 1919 жылы Баянауылда Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен алғашқы мектептің үстел, орындық парталарын жасасқаны туралы. Т.Оразовтың «Қаныштың жастық шағы» атты естелігінде баяндалыпты. Қажымұқанның Баян өңіріне бұл жолғы келуінің себебі, 1920 жылы 26 тамызда құрылған Қазақ Автономиялық Республикасының бір жылдық даталы мерекесіне орайластырылған үлкен тойдың өтуіне байланысты болса керек. Той өткізу комиссиясының төрағасы Қаныш Сәтбаевтың арнайы шақыруымен келген  Қажекең Субек ұстаның үйіне түседі. Ұста ардақты палуанның күтімін асырып, ойын көрсеткенде қолданатын темір құралдарында дайындап отырған. Қажекең халық алдына шығып кеудесіне көлденең салған тасты Субекке ұрғызып сындыртқан.

Осы оқиғаны көзімен көрген Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің «Қажымұқан» атты поэмасы 2002 жылы тұңыш рет жас ғалым Ертай Жүсіповтың әзірлеуімен павлодарлық «Сарыарқа самалы» газетінде жарық көрген. Осындағы жыр жолдарында:

                   ...Шалқасынан жатты да, төсеп төсті,

                   Кеудесіне қойдырды үш пұт тасты.

                   Пұт жарымдай бар шығар екі балға,

                   Ақботаш, Субек ұста қандай күшті.

                   Кезек-кезек екеуі дүрс-дүрс ұрды,

                   Жұрт қорқып: «Өліп кетер» – деумен тұрды.

                   Өзінің жаны бар ма, жоқ па? – десті,

                   Бит шаққандай көрмеді, қырау құрлы... – деген үзіндіден сөзімізге дәлел табамыз.

Палуанның өміріне тәнті болған Ақкелін, Далба елі екі үйір жылқы сыйға береді. Қажекең аттанарда Субек досына: «Олжамның жартысын ал, оны қаламасаң өнеріммен жинаған мына сөлкебайларымның (медаль) таңдағаныңды берейін» – дейді. Бірақ Субек ұстаның қалауы басқаша екен: «Қажеке мал соқса желдікі, айдаса жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Анау таудан көтеріп бір үлкен тас әкеліп осында орнатып кетіңіз, қайратыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын» – дейді.  Досының тілегін қабыл алған палуан есік алдындағы таудан осы тасты көтеріп әкеліп үйінің іргесіне қойып беріпті.

Субек ұстаның қызы, Республикаға еңбек сіңірген ұстаз повлодарлық Бақыт апамыздың айтуынша, бұл үйде Қажымұқанның  қолымен иген сом темірде сақталған. Бертінде анасы Айшадан музейге қоямыз деп біреулер Алматыға алып кетіпті. Содан хабарсыз.         

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ