Ұлттық спорт түрлері дамып келеді

Ұлттық спорт түрлері дамып келеді

Елімізде ұлттық спорт түрлері - спорт пен дене шынықтырудың ажырамас бөлігі, жастарға бай тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді насихаттаудың, халық денсаулығын нығайтудың негізгі факторы.

Тəуелсіздік алған кезден бастап елімізде 25-тен астам ұлттық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оның ішінде қазақ күресі, тоғызұмалақ, асық ату, құсбегілік, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ұлттық ат жарысы түрлерімен айналысатындар саны артты.

Статистикаға сүйенсек, ұлттық спорт түрлерінің тұрақты дамуы байқалады. Ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны 2019 жылы 399,3 адамнан 2020 жылы 432,4 адамға дейін өсті (бұл дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын еліміздегі жалпы халық санының 7,9%-ы).

Ал өткен жылдың соңында қазақ күресі, құсбегілік, асық ату және тоғызқұмалақ ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді.

Бүгінде республикада 8 мамандандырылған клуб пен ұлттық спорт түрлері бойынша 13 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, республика аумағында 45 ипподром бар. Оның 33-і мемлекеттік, 12-сі жеке меншік.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе облысында жабық манеж салу жұмысы жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ат спортының дамуына оң әсерін тигізеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен жыл сайынғы «Қазақстан Барысы» республикалық бəсекесі брендке айналды (2019 жылы 9-шы рет өтті). Сонымен қатар «Әлем Барысы», «Жас Барыс» сияқты жарыстың мәртебесі жоғарылап келеді.

Өткен жылдың соңында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабағына ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізу жоспарланып отыр.

Білім беру саласына енгізілетін ұлттық спорт түрлерінің тізімін Мəдениет жəне спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі бірлесе анықтайды. Бұл ретте мекемелердің материалдық базасы кадрлық ресурсы, ең бастысы, білім алушы үшін барлық қауіпсіздік шарасы ескеріледі.

Бүгінде Мəдениет жəне спорт министрлігі білім берудің барлық деңгейдегі дене шынықтыру сабағына ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін келесі спорт түрлері бойынша енгізуді жоспарлап отыр: «қазақ күресі», «тоғызұмалақ», «асық ату».

Бұл өз кезегінде ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың санын көбейтуге мүмкіндік береді.

Министрлік 2020 жылы ақпанда құрылған қазақ күресі қауымдастығымен бірлесіп, біздің елде қазақ күресін дамыту бойынша бірқатар шараны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, қазақ күресіне маманданған кәсіби клубтар құру, қазақ күресі академиясын ашу сынды жобалар бар.