
Үстел теннисінен 1-6 қыркүйек аралығында Алматы қаласында жүлде қоры 100 мың АҚШ долларын құрайтын WTT Contender Almaty 2026 халықаралық турнирі бесінші мәрте ұйымдастырылады.
Биылғы бәсекеде Германия, Үндістан, Испания, Италия, Йемен, Қытайлық Тайбэй, Люксембург, Мексика, Нидерланд, Пуэрто-Рико, Ресей, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Франция, Швеция, Эквадор, Корея Республикасы, Жапония және Қазақстан ұлттық құрамасынан 100-ден астам спортшы жүлдеге таласады.
Олардың қатарында Олимпиада ойындарының жекелей сындағы екі дүркін қола жүлдегері Дмитрий Овчаров (Германия), жұптық сында әлем чемпионы Шунсукэ Тогами (Жапония), командалық жарыста Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Хина Хаята (Жапония), Ислам ынтымақтастығы ойындарының VI чемпионы Кирилл Герасименко (Қазақстан) сынды танымал жұлдыздар бар.
Турнир барысында ерлер мен әйелдер арасында жекелей, жұптық және аралас жұптық сында жүлделер сарапқа салынады.
WTT Contender Almaty 2026 - Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) қамқорлығымен құрылған World Table Tennis (WTT) ұйымы өткізетін кәсіби халықаралық турнирлер сериясының бір бөлігі. Жарыс әлемдік рейтингтің ресми күнтізбесіне енген. Оның қорытындысы спортшылардың әлемдік рейтингтегі позицияларына тікелей әсер етеді.
Жарыстың тікелей көрсетілімдерін Qazsport телеарнасынан және World Table Tennis (WTT) ұйымының ресми YouTube арнасынан көруге болады.