Астанада В. Потаниннің Олимпиадалық коллекциясынан көрме ашылды

Астанада В. Потаниннің Олимпиадалық коллекциясынан көрме ашылды

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Афинадан Астанаға дейін: Владимир Потанин коллекциясындағы Олимпиада жәдігерлері» атты бірегей көрме өз жұмысын бастады.

Экспозицияда 1896 жылғы алғашқы заманауи Олимпиада ойындарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі олимпиадалық тарихты баяндайтын 140 түпнұсқа жәдігер ұсынылған. Келушілер олимпиадалық медальдар, алаулар, дипломдармен қатар қазақстандық даңқты спортшылардың жеке заттары мен тарихи жәдігерлерін тамашалай алады.

Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жобаның тарихи және тәрбиелік маңызын ерекше атап өтті.

«Бұл көрменің Астанада өтіп жатқан "Болашақ ойындары – 2026" мультиспорттық шарасымен қатар келуі – дұрыс жасалған қадам. Келген қонақтар үшін де, әлемдік доданың тарихи жолын көрсету тұрғысынан да оның маңызы зор. Жас ұрпақ үшін өткен дәуірдің естелігін көзбен көріп, сол кезеңнің рухын сезінуге таптырмас мүмкіндік», – деді Серік Жарасбаев.

Көрме олимпиадалық мұраны заманауи технологиялармен ұштастырып, өткеннің спорттық құндылықтарын болашақтың фиджитал спортымен байланыстыратын ерекше мәдени жобаға айналды.