Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада  комитетінің Бас Ассамблеясы өтті

Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада   комитетінің Бас Ассамблеясы өтті

15 маусымда Астана қаласында «Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитеті» ҚБ Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Ассамблея жұмысына ҚР ҰПК құрамына кіретін спорт федерацияларының өкілдері, Атқарушы комитет мүшелері, ұлттық құрамалардың спортшылары мен жаттықтырушылары қатысты.

Отырысты ашқан Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетінің 
президенті Қайрат Боранбаев спорт маусымының аралық қорытындыларын шығарып, қазақстандық параспортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктерін атап өтті.

«Жуырда ғана Миланда өткен қысқы Паралимпиадада ұлттық құрамамыз лайықты өнер көрсетті. Бүгін арамызда алтын медаль жеңіп алған Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов отыр. Сондай-ақ АҚШ-та өткен беделді халықаралық турнирде жеңіске жеткен блайнд-футбол командасын да атап өткім келеді. Барлық спортшыларға, жаттықтырушыларға және федерацияларға атқарған жұмыстары үшін ерекше алғысымды білдіремін», - деді Қайрат Боранбаев.

ҚР ҰПК президенті сондай-ақ биылғы жылдың басты жарыстарының бірі 2026 жылғы 18-24 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өтетін Азия Пара ойындары болатынын атап өтті. Ол ұлттық құраманың дайындығы қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын және Қазақстанның 12 спорт түрінен қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.

Күн тәртібі аясында қатысушылар Ұлттық Паралимпиада комитетінің басшы органдарының қызметіне қатысты мәселелерді қарады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Есеналин Руслан Бақыттыұлы ҚР ҰПК Вице-президенті және Атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Паралимпиада комитетінің басқару жүйесі мен қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған күн тәртібіндегі барлық мәселелер қабылданды.