Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігімен ЮНИСЕФ балалар спорты мен әл-ауқаты мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігімен ЮНИСЕФ балалар спорты мен әл-ауқаты мәселелерін талқылады

Кездесуге Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев, Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы доктор Рашед Мустафа Сарвар және ұйымның салалық сарапшылары қатысты.

Жиынның мақсаты – ұйымдардың негізгі қызмет бағыттары меніске асырып жатқан бағдарламаларын таныстыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің спорт саласындағы әл-ауқатын арттыру бойынша ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау болды.

«Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту – дені сау әрі белсенді ұлт қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі. Бүгінде елімізде 8,5 миллионнан астам азамат тұрақты түрде спортпен шұғылданады, ал балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Осы тұрғыда
балалардың дене белсенділігімен қатар, олардың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету, қауіпсіз және инклюзивті спорттық ортаны қалыптастыру ерекше маңызға ие. ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық балалардың құқықтарын қорғау, спорт мектептеріндегі қолдау жүйесін жетілдіру, салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа тең қолжетімділікті кеңейту бағытындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - деді С. Жарасбаев.

Іс-шара барысында тараптар 2026–2030 жылдарға арналған ынтымақтастықтың басым бағыттарын қарастырып, балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын қолдау, спорт мектептеріндегі қолдау жүйесін жетілдіру, бала құқықтарын қорғау және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету, инклюзивті спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ әдістемелік құралдар әзірлеу, ақпараттық-ағартушылық науқандар өткізу және пилоттық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар балалар мен жас өспірімдердің денсаулығын нығайтуға, олардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға және қауіпсіз, қолдаушы спорттық ортаны қалыптастыруға бағытталған бірлескен жұмысты жүзеге асыруға келісті.