
Жиынға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин жетекшілік етті. Басқосуға өңірлік спорт және дене шынықтыру басқармаларының басшылары, кешенді ғылыми топ пен ұлттық спорт федерацияларының өкілдері және жауапты сала мамандары қатысты.
Кеңес барысында 2026 жылғы Жазғы Азия ойындары мен Азия Пара ойындары аясындағы дайындық жұмыстары жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, ұлттық құрамаларды жасақтау, оқу-жаттығу жиындарының кестесі, халықаралық жарыстарға қатысу, спортшыларды медициналық және ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жиын барысында спортшылардың дайындық деңгейін күшейту, өңірлер мен федерациялар арасындағы өзара үйлесімді жұмысты арттыру, сондай-ақ Азия ойындары алдындағы жоспарланған іс-шараларды уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігі атап өтілді.
Комитет төрағасы Руслан Есеналин алдағы дүбірлі додаларда Қазақстан құрамасының жоғары нәтиже көрсетуі жүйелі дайындық пен барлық жауапты тараптардың бірлескен жұмысына тікелей байланысты екенін жеткізді. Сонымен қатар, әрбір спорт түрі бойынша нақты міндеттер айқындалып, жауапты ұйымдарға тиісті тапсырмалар берілді.