VI Азия жағажай ойындары: күннің шолуы

VI Азия жағажай ойындары: күннің шолуы

Бүгін Қытайдың Санья қаласында VI Азия жағажай ойындарының 4-жарыс күні мәресіне жетті.

Қазақстан командасының спортшылары баскетбол (3×3), су добы, жағажай волейболы, ашық айдында жүзу, акватлон сынды спорттан жүлдеге таласты.

Ватерполдан Қазақстан ерлер құрамасы жарыстағы тұсаукесер матчта Таиландты 3-1 есебімен жеңіп, құрлықтағы көшбасшының бірі екенін көрсетті.

Баскетболдан (3х3) еліміздің ерлер командасы топтық кезеңде 2 ойын өткізді. Отандастарымыз Үндістанға (Есеп: 10-19) және Қатарға (15-22) жол берді.
Осыдан кейін Қазақстан әйелдер командасы жарыс қожайынымен кездесті. Матч 8-21 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді.

Топтық кезең:
Жағажай волейболынан Қазақстан-2 командасы (Дмитрий Яковлев - Абдулмажид Мұхаммад) - Моңғолия. Есеп: 2-0.

Қазақстан-1 әйелдер командасы (Қабылбекова мен Иванченко) - Филиппин-1. Есеп: 0-2.

Қазақстан-2 (Каримова-Рюхова) - Филиппин-2. Есеп: 0-2.

Акватлоннан аралас командалық эстафетада ел намысын Рамазан Айнегов, Дарын Қонысбаев, Диана Ержанова мен Алуа Нұрмұхамет қорғады. Біздің квартет жарысты 1:05:16 секунд нәтижесімен 4-сатыда аяқтады.

Ашық айдында 5 шақырым жүзуде отандасымыз Мария Федотова 6-шы (1:04.15,4), ал Дарья Пушко 10-сатыда (1:06.43,9) табан тіреді.

Айта кетейік, бұл кешенді жарыс биыл күзде Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындықтың кезеңі саналады.

Қазір Қазақстан Саньядағы бәсекеде 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдемен жалпы есепте 7-орында тұр. Ойындар 30 сәуірде аяқталады.

Фото: Никита БАСОВ