
Қытайдың Хэфэй қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден Лос-Анджелес Олимпиадасына рейтингтік Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы 5 медаль түсті.
Байдаркамен 200 метрге жарыста отандасымыз Ольга Шмелёва жеңімпаз атанды. Осыдан кейін Татьяна Токарницкая екеуі (Қазақстан құрамасы) 500 метрге жарыста күміс жүлдеге ие болды.
«Былтыр кеткен есемді қайтардым. Бір жыл бұрын осы қашықтықта үшінші болғам. Бүгін сол қарсыласымды басып озып, бірінші орыннан көріндім. Осы аралықта жаттығуға барымды салдым. Жемісі міне!»,-деді Ольга мәреге жеткен соң.
Бұл Шмелёваның Хэфэйдегі қол жеткізген 3-жүлдесі (1 алтын, 2 күміс).
Осыдан кейін әлем чемпионатының қола жүлдегері Виктор Степанов каноэде 200 метрде үздік үштікке кірді.
Тағы 500 метрге жарыста екі бағдарламада Қазақстан командасы мәреге 3-ші болып жетті. Каноэде Сергей Емельянов пен Әлішер Хаётов, ал байдаркада Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров ел намысын қорғады.
Қазір 2 жарыс күнінен соң Қазақстан командасы еншісінде 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль бар. Ертең соңғы жүлделер сарапқа салынады. Әзірге жарыс қожайыны Қытай құрамасы айқын басымдықпен жалпы есепте көш бастап келеді.