Надежда Рябец Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды

Надежда Рябец Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды

Бүгін Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионатының әйелдер арасындағы финалдары өтіп жатыр.

Қазақстан командасының тәжірибелі өкілі Надежда Рябец -80 кг дейінгі салмақтың ақтық айқасында өзбек былғары қолғап шебері Рухшона Парпиева жұдырықтасты. Алма кезек шабуылмен өткен жекпе-жекте отандасымыз басым түсті. Есеп: 5-0.

Надежда жартылай финалда Пуджа Раниді (Үндістан) 3-1 есебімен ұтқан. Бұл - Рябецтің ересектер санатындағы сары құрлық бәсекесіндегі алғашқы алтыны.

Осыған дейін шаршы алаңға шыққан Бақыт Сейдіш (-70 кг) күміс жүлдеге ие болды. Енді біраздан соң аса ауыр салмақтағы (+80 кг) Дина Исламбекова финалда бақ сынайды.

Осыған дейін әйелдер командасы сапынан Айгерім Сәттібаева (-48 кг) мен Валентина Хальзова (-75 кг) қола жүлдеге қол жеткізген.