
Бүгін Астана қаласында алғаш рет өтіп жатқан семсерлесуден әлем кубогында командалық сайыстан жүлдегерлер анықталып жатыр.
Қола медаль үшін Қазақстан мен Жапония ерлер командасы таласты. Тартысты кездесу нәтижесінде 42-44 есебімен жапон семсерлесу шеберлері басым түсті. Осылайша, Ұлттық құрама елордадағы турнирде 4-орын алды. Команда өкілдері - Вадим Шарлаимов, Никита Жулинский, Эльмир Әлімжанов пен Александр Федотов.
Енді Франция мен Италия ерлер командасы біраздан соң финалда күш сынасады. Әйелдер арасында Оңтүстік Корея мен АҚШ алтын жүлдеге таласады.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан ерлер командасы Польша мен АҚШ спортшыларын жеңді. Жартылай финалда 9 дүркін Олимпиада чемпионы Франция құрамасына жол берді.
Сонымен қатар жарыс жолына шыққан Қазақстан әйелдер командасы 1/32 айналымда Израильге есе жіберді.
Айта кетейік, Астанадағы жарысқа 46 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан командасы еншісінде Руслан Курбановтың жекелей сындағы күміс жүлдесі бар.