
Наурыз мерекесін атап өту аясында Наурызнама күнтізбесіне сәйкес 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күн ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлерін насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздің барлық өңірлерінде ұлттық спорт түрлерінен және бұқаралық спорт бағытында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, Абай облысының Семей қаласында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында қалалық турнир, тоғызқұмалақтан түрлі жас санаттары бойынша қала біріншілігі, сондай-ақ асық атудан жарыстар өткізілуде. Сонымен қатар, 20–21 наурыз күндері жүзуден облыс біріншілігі ұйымдастырылуда.
Ақтөбе облысында «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында және Шалқар қаласында ұлттық спорт түрлерінен мерекелік іс-шаралар өтуде. Әйтеке би ауданында және ауылдық елді мекендерде бірнеше күнге жоспарланған спорттық жарыстар ұйымдастырылған.
Ақмола облысында Ақкөл қаласында бес асық пен тоғызқұмалақтан жарыстар, Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында бес асықтан сайыстар өтуде. Қосшы қаласында «ALAN» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мемлекеттік қызметкерлер арасында тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырылды. Ерейментау қаласында ұлттық спорт түрлерінен аудандық турнирлер өткізілуде.
Астана қаласында Ұлттық спорт күніне орай ұлттық ойындардан көрсетілімдік қойылымдар, студенттер арасында жарыстар, сондай-ақ «Ұлы дала ойындары» форматындағы отбасылық-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, оқушылар арасында тоғызқұмалақ және ләңгі тебуден жарыстар өтуде.
Алматы облысында Қонаев қаласында ұлттық спорт түрлерінен облыстық жарыс, Кеген, Ұйғыр, Райымбек, Жамбыл аудандарында және Алатау қаласында ұлттық ойындар мен шағын футболдан жарыстар ұйымдастырылды.
Атырау қаласында Исатай-Махамбет алаңында ұлттық спорт түрлерінен бұқаралық іс-шаралар өтуде. Батыс Қазақстан облысында «Бабалар ізімен» облыстық лигасы бастау алды.
Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында қазақ күресі, садақ ату және тоғызқұмалақтан турнирлер, Күршім ауданында волейболдан жасөспірімдер жарысы, Глубокое кентінде садақ атудан ашық турнир ұйымдастырылды.
Алматы қаласында «Спорт – достық алаңы» жобасы аясында бұқаралық іс-шаралар, «Алматы Аренада» отбасылық жарыстар, сондай-ақ қалалық қазақ күресі турнирі өтуде.
Жамбыл облысында Байзақ, Қордай, Меркі, Сарысу аудандарында ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылуда.
Қарағанды облысында бұқаралық спорттық іс-шаралар және мекемелер арасында жарыстар өткізілуде.
Қостанай облысында қазақ күресі, асық ату, аударыспақ, шахмат және жеңіл атлетикадан түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылды.
Қызылорда облысының Шиелі және Жаңақорған аудандарында ұлттық спорт түрлерінен аудандық жарыстар мен отбасылық эстафеталар өтуде.
Маңғыстау облысында таеквондо, футбол, дзюдо және грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында турнирлер ұйымдастырылды.
Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше ауданда қазақ күресі мен тоғызқұмалақтан жарыстар өткізілуде.
Түркістан облысында Жетісай, Қазығұрт, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Шардара аудандарында ұлттық спорт түрлерінен және футболдан жарыстар ұйымдастырылды.
Жетісу облысында ауылдық округтерде қол күрес, гір спорты, арқан тарту және футболдан жарыстар өткізілуде.
Өткізіліп жатқан іс-шаралар ұлттық спорт түрлерін дамытуға, жастарды белсенді өмір салтына баулуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.